Қазақстанда отандық инновациялық реабилитациялық экзоскелет нарыққа шығады

Nazarbayev University (NU) ғалымдары әзірлеген Astana Gait Exoskeleton Assisted Rehabilitation (A.GEAR) инновациялық медициналық экзоскелеті мемлекеттік тіркеудің барлық кезеңінен ресми түрде өтіп, жаппай өндіріске дайын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nu.edu.kz-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Құрылғы инсульт алған науқастарды және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оңалтуға арналған. Ол Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының (ДЗМБСҰО) оң қорытындысынан кейін тіркеу куәлігін алды.
A.GEAR – клиникалық қолдануға толық дайын отандық жоғары технологиялық медициналық құрылғылардың санаулысының бірі. Оның құны шетелдік баламалардан бірнеше есе төмен, бұл озық оңалту технологияларын Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін қолжетімді етіп, қымбат импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
“Әлемде ғылыми идеядан медициналық құрылғыны енгізуге дейінгі жол әдетте 10-15 жылды алады. Ал бізге небәрі төрт жыл жетті – зертханадан сертификатталған медициналық өнімге дейін”, – деді жоба жетекшісі, NU профессоры Прашант Джамвал.
Оның айтуынша, экзоскелет импорттық оңалту роботтарын алмастырып, бюджет қаражатының миллиондаған долларын үнемдеуге және ел бойынша науқастардың заманауи қалпына келтіру әдістеріне қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Экзоскелетті әзірлеу 2021 жылдың соңында NU жанындағы Медициналық робототехника зерттеулері құзырет орталығында (CEMRR) басталды. Жобаны коммерцияландыруды NU түлегі Шыңғыс Дәулетбаев жетекшілік ететін Robotics and Artificial Intelligence ЖШС жүзеге асырады.
Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад жобаның маңыздылығын атап өтті:
“Біздің университет ғалымдарының әлемдегі ең үздік зерттеушілердің 2 пайызының қатарына енетінін мақтан тұтамыз. Олардың әзірлемелері Қазақстанның дамуына ғана емес, медицина мен технология саласындағы жаһандық прогреске де үлес қосып отыр”, – деді ол.
A.GEAR клиникалық сынақтарға Қарағанды мен Астана қалаларындағы медициналық мекемелерде инсульт алған науқастар мен балалар церебралды сал ауруы диагнозы қойылған жасөспірімдер қатысты. Техникалық және клиникалық сынақтар сәтті аяқталып, тіркеу куәлігі алынғаннан кейін жоба командасы “СК-Фармация” ЖШС-мен ұзақ мерзімді келісімшарт дайындауға және дистрибьютор іздеуге кірісті.
Биыл Nazarbayev University Технопаркі базасында Robotics and Artificial Intelligence ЖШС кемінде бес экзоскелет өндіруді жоспарлап отыр, кейіннен оларды медициналық мекемелерге жеткізу көлемін ұлғайтып, қымбат импорттық жабдықтарды біртіндеп алмастыру көзделген.
Қазақстандағы ең ірі мәмілелер: "Қазақмыс" пен "Қазцинктің" жаңа қожайындары туралы не белгілі