Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Инклюзивті ортаға арналған қазақстандық жоба мені шабыттандырды – өзбекстандық волонтер 

"Өзбекстандағы қолжетімді орта" жобасының негізін қалаушы Муниса Муллоджанова 20-21 маусым Астанада өтіп жатқан волонтерлар форумына екінші рет қатысып отыр. Бес жыл бойы волонтерлікпен айналысып келемін деген кейіпкерімізді қазақстандық волонтерлердің жобасы шабыттандырған. Stan.kz тілшісі 25 жастағы Мунисамен сұхбаттасып, Өзбекстандағы волонтерлік қызмет, жаңа тәжірибе мен форумға келудегі мақсатын білді. 

"Қайырымдылықпен айналысып жүріп, мен өзіме ерекше әсер еткен оқиғаға тап болдым. Бір күні бейтаныс қыз хабарласып: "Сәлеметсіз, мен көшеге шығуды қатты армандаймын. Маған көмектесе аласыздар ма?" деді. Мен бірден қалайша ол қарапайым ғана көшеге шыға алмайды деп ойладым. Сөйтсем ол қыздың көзі көрмейді екен. Осыдан кейін ғана мен неге біздің көшелерде мүгедек арбасындағы, қолында таяғы бар немесе мүлдем сөйлей алмайтын адамдар аз жүретіні туралы ақпарат іздедім. Жан-жақты ақпарат жинап, мүмкіндігі шектеулі адамдармен сөйлескеннен кейін ғана олар туралы кеңінен білдім. Анықтағанымдай, Өзбекстанда көзі көрмейтіндерге арналған қалашық, мешіт, мәдени орталықтар бар болып шықты. Яғни инклюзивті адамдардың өздерінің ғана шектеулі орталары бар. Ал жалпы қоғамдық орындарда оларға жағдай жасалмаған", – деді ол. 

Өз еліндегі мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүшкіл халін білген кейіпкеріміз халықаралық тәжірибелерді іздеп, оларға қандай көмек көрсетуге болатынын қарастырып отырып "Қолжетімді Қазақстан" жобасына тап болған. 

"Еуропа елдерінен ештеңе таба алмадым. Алғашқылардың бірі болып "Қолжетімді Қазақстан" жобасы алдымнан шықты. Мен оларға хабарласып едім "Біз плиткалар мен қоршауларды ғана жасаймыз" деді. Содан алғашқы жобамның концепциясын ойлап, грантқа өткіземін. Нәтижесінде 400 еуро ұтып, Германияның төрт қаласына тәжірибе алмасуға барамын. Бірақ олар бөлген қаражатқа плиткалар мен қоршауларды жөндей алмайтыным анық. Содан елге келіп "Қолжетімді орта" жобасын дамытып грантқа өткізіп, Германия елшілігінен 22 мың еуроға грант ұтып аламын. Осылайша "Өзбекстан волонтерлерінің ассоциациясы" және "Мүгедектер ассоциациясымен" инклюзивті тақырыптарды жариялайтын пилотты жобаны іске қосамыз", – деді өзбекстандық волонтер. 

Муниса инклюзивті адамдарға қатысты жобаны жоспарлағанда олардың әрқайсысымен тілдесіп, қандай қажеттіліктері бар екенін анықтағанын айтты. 

"Жүргінші жолынан өткенде арыққа құлап қалатындарын, жарты жыл сайын жол апаттарына түсетіндері қалыпты жағдайға айналғанын, көзі көрмейтіндер үйлеріне қайтар жолда бес-алты сағаттап адасып жүретіндерін, көлік жүргізушілерінің алдап кететіндерін айтты. Қалада оларға монтиторинг жүргізетін ешқандай қызмет, пандус, Qr кодтар, көзі көрмейтіндерге арналған шрифт карталар жоқ. Осыдан кейін ең алдымен Брайль шрифті 3D картасының (фр. Braille)-зағип және нашар көретін адамдарға жазуға және оқуға арналған бедерлі-нүктелі тактильді қаріп) макетін жасадым. Ол карта арқылы олар қай бағытта екендерін, соңғы аялдамаға қанша қалғандарын біле алады. Сондай-ақ, әр ауданда зағиптарға арналған орындар қайда бар, қалай орналасқаны жазылған ақпараттық тақта орнаттық. Тактильді плитка, инклюзивті алтыбақан, ойын алаңдарын орнаттық. Сенсеңіз өмірінде көшеге шығып көрмеген, көшенің не екенін білмейтін адамдар бар. Олардың өмірлері жұмыс пен үйдің, мешіт пен базардың ғана арасында өтіп жатқанын білгенде еріксіз көзіме жас келеді... Бүгінгі таңда біз бес бағытты жұмыс жасаймыз. Жоғарыда атап өткендерден бөлек, күн сайын біз олар үшін "тағы не істей аламыз?" деп сұрап үздіксіз жұмыс жасап жатырмыз", – деді волонтер. 

Муниса Астанаға осымен екінші рет келіп отыр. Айтуынша, аталған жиындар оларға жаңа орта, жаңа білім мен тәжірибе сыйлайды. 

"Бұл менің Астанаға екінші сапарым. Былтырғы жылы да елдеріңізге келіп, волонтерлік саласындағы білімімізді шыңдап, тәжірибе алмасқанбыз. Мұндай форумдар жаңа идея мен шабыт, жаңа достар сыйлайды. Екі күн біз жан-жақты тәжірибе алмасып, көптеген машықтарды меңгереміз деп ойлаймын",-деп аяқтады әңгімесін ол.  

Айта кететіні, әлемнің 34 елінен келген волонтерлер форумының қатысушылары халықаралық волонтерліктің дамуы, оның практикалық тәсілдері мен халықаралық волонтерлік бастамаларды іске асыру бойынша проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдарын талқылап жатыр. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 21 Маусым, 2023 09:50
Талқылау
`