Индонезияда өлім жазасына кесілуі мүмкін қазақстандықтар туралы не белгілі
Фото: BNNP Bali
Индонезияның Бали аралында Қазақстанның екі азаматы, 28 және 25 жастағы ер адамдар есірткі сату әрекеті бойынша күдікке ілігіп, ұсталды. Оларға ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру ғана емес, өлім жазасы да төнуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тhebalimedia.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Индонезиялық The Bali Media басылымының мәліметінше, Қазақстан азаматтары 2025 жылғы 11 сәуірде Бали аралының Сукавати ауданына қарасты Батуан ауылында ұсталған. Ұстау операциясын Бали провинциясының есірткіге қарсы күрес ұлттық агенттігі жүргізген.
Ер адамдардан 49,18 грамм болатын 30 пакет метамфетамин табылған. Индонезия заңнамасы бойынша бұл көлем ауыр қылмыс ретінде саналады. Полицияға жергілікті тұрғындар шетелдік азаматтардың күмән тудыратын әрекеттері туралы хабарлаған. Олардың бірі жол шетінде бірдеңе іздеп жүрген, ал екіншісі моторы қосулы мотоциклде отырған. Бұл тәртіп сақшыларының назарын аударып, олар сол жерде ұсталған.
Бали провинциясының Ұлттық есірткіге қарсы агенттігінің басшысы, бригадалық генерал Руди Ахмад Судраджаттың айтуынша, олардың әрекеті күдік тудырған.
“Сондықтан қызметкерлеріміз бірден ұстап, тергеуді бастады", – деді Руди Ахмад Судраджат.
Алғашқы тергеуден кейін екі қазақстандық халықаралық есірткі синдикатымен байланыста болған деген болжам айтылды. Тергеушілер олардың тек орындаушы екенін, ал "EVIL" деген лақап атпен танымал ұйымдастырушы әлі де бостандықта екенін айтты.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, шетелдіктер Ресеймен байланысы бар синдикаттың “пешкасы” ретінде әрекет етіп, есірткіні басқа шетел азаматтарына таратпақ болған", – деді Руди Ахмад Судраджат.
Оларға 2009 жылғы №35 Есірткі айналымы туралы заңның 112-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылды. Бұл бап 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде өлім жазасын қарастырады.
Индонезия заңдары бойынша 5 грамнан асқан жағдайда іс аса ауыр қылмыс болып есептеледі. Қазақстан азаматтарынан табылған зат мөлшері бұл шектен 10 есе көп.
Сыртқы істер министрлігі азаматтардың ұсталғанын растады. Министрлік көктемнен бері жағдайды бақылауда ұстап, олардың отбасымен байланыс жасап, адвокаттармен қамтамасыз етіп отыр.
"Бұл – жас жігіттер. Отбасылары егжей-тегжейлі ақпаратты жарияламауды өтінді. Сондықтан біз де толық мәлімет бере алмаймыз. Иә, бұл – есірткі таратуға қатысты іс. Сіздер білесіздер, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде есірткі үшін өте қатаң жаза қолданылады", – деді Айбек Смадияров.
Қазақстан мен Индонезия арасында сотталғандарды экстрадициялау немесе айырбастау туралы келісім жоқ. Сондықтан сот процесінен кейін ғана бұл мәселе қарастырылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Индонезияда есірткі тасымалдады деген күдікпен екі қазақстандық қамауға алынғанын жазған едік. Индонезия билігі есірткіге қарсы екі айлық операцияның аяқталғанын жариялады. Операция барысында 683 885 грамм (0,68 тонна) есірткі тәркіленіп, 285 адам ұсталған. Оның ішінде 29 әйел мен 7 шетелдік азамат бар. Ұсталғандар кінәлі деп танылса, өлім жазасына кесілуі мүмкін.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
