Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ-дан кетті: Жаңа бас хатшының есімі белгілі болды

Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы қызметінен кетеді: Жаңа үміткер Бішкекте қараладыФото: Іnstagram.com/pro_tasmagambetova

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің орнына Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков тағайындалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Тасмағамбетовтың орнына қазіргі уақытта ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген Таалатбек Масадыков келеді.

"Оны Масадыков мырза алмастыратыны анықталды", - деді Ушаков.

27 қарашада жаңа бас хатшының кандидатурасы қаралатыны хабарланған еді. Қазіргі таңда бұл қызметті Иманғали Тасмағамбетов атқарады.

Айта кетсек, ол ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы лауазымына 2023 жылғы 1 қаңтарда тағайындалған. Бұған дейін Станислав Засьтің орнына сайланған болатын. Иманғали Тасмағамбетов әр жылдары Қазақстан Үкіметін басқарды, Президент Әкімшілігіне жетекшілік етті, сондай-ақ Қазақстанның Қорғаныс министрі болды.

Бұдан бөлек, саясаткер төрт жыл Алматы қаласын, алты жыл Астананы басқарды.

2017 жылғы ақпанда ол Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. 2019 жылғы 18 желтоқсанда бұл қызметтен босатылды.

2021 жылдың маусымында Иманғали Тасмағамбетов "КамАЗ" директорлар кеңесіне сайланды.

2022 жылдың мамырында Қазақстан гольф федерациясының президенті болды.

Айта кетейік, бұған дейін Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы қызметінен кететіні хабарланған еді.

 

Рая Мінәп
Сейсенбі, 25 Қараша, 2025 17:58
Талқылау