Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Имамнан Жоғарғы көшбасшыға дейін": Израиль-АҚШ соққысынан қаза тапқан Әли Хаменеи туралы не белгілі

Фото: BBC

28 ақпан күні АҚШ пен Израильдің бірлескен әуе операциясы салдарынан Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи көз жұмды. Оның қазасын алғаш болып Дональд Трамп мәлімдеді. Алайда Тегеран бастапқыда бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бірнеше сағаттан соң елдің мемлекеттік БАҚ-тары Жоғарғы көшбасшысының қаза болғанын ресми түрде растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

28 ақпан күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен әуе операциясын бастады. Олар Хаменеи резиденциясы орналасқан Тегеран ауданына да соққы жасады. Иран үкіметінің жоғары лауазымды тұлғалары баспасөзге Хаменеи елордада емес екенін мәлімдеді. Тіпті ел аумағында да болмауы мүмкін, ол қауіпсіздікте деп мәлімдеді.

86 жастағы жоғарғы билеушінің қазасын растайтын жәйт, оның басты көмекшісі Али Лариджанидің Х платформасындағы жазбасы болды. Ол онда кек алуға уәде беріп, аятоллаға жазба арнаған.

“Сионистік қылмыскерлер мен арсыз америкалықтарды жасаған әрекеті үшін өкінетіндей етеміз. Батыл сарбаздар мен Иранның ұлы халқы тозаққа түсетін адамдарға ұмытылмас сабақ береді”, –деп жазды ол Х желісінде.

Хаменеи өзі немесе басқа да жоғары басшылар қаза тапса, билікті жалғастыратын мұрагерлік жоспарын және төтенше басқару тізбегін алдын ала әзірлеп қойған. Осы жоспарға сәйкес, Лариджани басқаруға жауапты болуы тиіс еді.

Али Хаменеи туралы не белгілі?

Имамнан президентке дейін

Аятолла Әли Хаменеи Иранды отыз жылдан астам уақыт басқарды. Ол Ислам республикасындағы ең ықпалды тұлға әрі әлемдік аренадағы даулы қайраткерлердің бірі саналады.

Оның жоғарғы билеуші лауазымындағы жолы 1979 жылы Ислам революциясының жеңісінен кейін басталды. Хаменеи дін қызметкері ретінде саясаттан тыс болуы тиіс еді. Алайда консервативтік күштер мен реформашылдар арасындағы күрес оны саясатқа араластырып, ел өміріндегі басты тұлғаға айналдырды. Ол мемлекет басшысы әрі Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы болды. Оның ішінде Ислам революциясы сақшылары корпусы секілді элиталық құрылымды да басқарды.

Хаменеи диктатор болған жоқ. Алайда мемлекеттік саясаттың кез келген мәселесіне вето қою құқығына және мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді жеке таңдауға құқылы болды. Ол Иранда саясатты жұмсартып, еркін етуге бағытталған барлық бастамаға қарсы болды. Мемлекеттік телеарна оның әр қадамын көрсетіп отырды. Оның бейнесі қоғамдық орындардағы билбордтарда ілініп, дүкендердің көпшілігінде суреті қойылды.

Фото: Reuters

Шариғат жолындағы күрескер

Сейид Али Хаменеи 1939 жылы 17 шілдеде Иранның солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында шиит дінбасыларының отбасында дүниеге келген.

Мешхед Ирандағы екінші ірі қала әрі шиит мұсылмандары үшін маңызды рухани орталық. Мұнда шииттер Мұхаммед пайғамбардың тікелей мұрагері деп санайтын имам Резаның қабірі орналасқан.

Хаменеи жастайынан дінге ден қойды. Алдымен Мешхедте ислам ілімін меңгеріп, кейін шииттер үшін Ирактың Наджаф қаласына көшті. 1958 жылы Иранға оралып, Құм қаласына қоныстанды.

1963 жылы оның ұстазы аятолла Рухолла Хомейни шариғат қағидаттарына негізделген Ислам республикасын құруға шақырды. Ол ашық насихаттары үшін қамауға алынып, бұл жақтастарының наразылығын туғызды. Шерулер билік тарапынан қатаң түрде басып-жаншылды. 1964 жылы Хомейни Ираннан жер аударылды. Сол кезеңде Хаменеи де монархияны ашық сынап, бірнеше рет қамауға алынды.

Ол шах Мохаммед Реза Пехлеви режиміне қарсы оппозициялық қызметін жалғастырып, танымал уағызшыға айналды. Бұл Иранның қауіпсіздік қызметі САВАК-тың назарын аударды. 1974 жылдың қазан айында ол қайтадан қамауға алынды. Бір жыл түрмеде отырған соң бостандыққа шықты. Десе де оған көпшілік алдында сөйлеуге тыйым салынды.

Хомейни Францияда эмиграцияда жүрген кезде, Хаменеи мен оның серіктері ел ішінде шах режиміне қарсы революцияны жасырын түрде дайындады. Олар 1979 жылғы революциядан кейін Иранның саяси жүйесінің маңызды элементтеріне айналған ұйымды құрды.

Хомейни 1979 жылы елге оралды. Ал Хаменеи Революциялық кеңестің мүшесі әрі Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы болды. Кейін аталған элиталық әскери-саяси құрылым Иран–Ирак соғысына белсенді қатысты. Ресми түрде корпус Иран Қарулы күштерінің құрамына кірді.

Фото: Getty Images

1980 жылы аятолла Хоссейн Әли Монтазери қызметінен кеткен соң Хаменеи жұма намазының имамы болып тағайындалды. Бұл оның билік иерархиясындағы салмағын айқын көрсеткен оқиға болды. Оның уағыздары апта сайын бүкіл елге таралып, бұл оның көшбасшы атануына септігін тигізді. Алайда келесі жылы оған қастандық жасалды. Қастандық ұйымдастырушылар бомбаны диктофонға жасырып, ол лекция оқып жатқан кезде жарылыс болды. Кеуде тұсынан, беті мен оң қолынан ауыр жарақат алғанымен, ол аман қалды. Бұл оны жақтастары арасында одан әрі құрметті етті. Кейбірі оны тірі шәһид деп атай бастады.

1981 жылдың қазан айында президент Мохаммад Әли Раджаи өлтірілді. Одан соң кезектен тыс сайлау өтті. Сол кезде Хаменеи 97% дауыс жинап, Иран президенті болып сайланды.

Инаугурация кезінде айтқан сөзінде ол “діннен безгендерді, либерализм және Америка ықпалындағы солшылдарды” айыптады. Хаменеи Батысты, әсіресе АҚШ-ты моральдық құлдырау мен жемқорлық әрекетін қатаң сынға алды. 

Иракпен соғыс

Хаменеи 40 елдегі ислам дінбасыларын мешіттерді әскери базаларға айналдыруға шақырған.  

1985 жылы Хаменеи қайта сайланды. Сондай-ақ жазушы Салман Рушдиге қатысты оқиғада маңызды рөл атқарды. Салман Рушди “Шайтан аяттары” кітабы үшін сырттай өлім жазасына кесілген. Осыдан кейін Хаменеи Тегерандағы жұма намазында: “Бұл бақытсыз адамның өлімнен басқа жолы жоқ. Өткені ол өзін миллиардтаған мұсылманға қарсы қойды” деп мәлімдеді.

Фото: Getty inages

Дегенмен оның президенттік кезеңі ең алдымен Иран мен Ирак арасындағы соғыспен байланысты болды. Сегіз жылға созылған қанды соғыста екі жақтан жүздеген мың адам көз жұмды. Миллионнан астам адамның өмірін жалмаған сегіз жылдық әскери қақтығыс 1988 жылы тамызда БҰҰ ұсынған бітімге Хаменеи келіскен соң тоқтады.

Бұл соғыс АҚШ пен Батысқа, Саддам Хусейнді қолдады деген сенімге байланысты, Хаменеи көзқарасында сенімсіздік қалыптастырды.

Рухани жетекші

Хаменеидің әскерилер мен қарапайым ирандықтар арасында беделі жоғары болғанымен, ол өзін үлкен саяси амбициясы жоқ қарапайым адам ретінде көрсеткен.

1989 жылы маусымда Хомейни қайтыс болған соң, 49 жастағы Хаменеи Иранның Жоғарғы көшбасшысы атанды.

“Кемшілігі көп, әлсіз адаммын. Шын мәнінде елеусіз діни семинария шәкіртімін. Алайда менің иығыма үлкен жауапкершілік жүктелді. Бұл ауыр жүкті көтеру үшін бар қабілетімді және Жаратушыға деген сенімімді пайдаланамын”, – деді ол қызметке кірісер кезде. 

Хаменеидің Хомейни сияқты діни беделі болмады. Сол себепті ол жоғарғы көшбасшы ретіндегі билік базасын сақтықпен қалыптастырды. Ол 30 жыл ішінде парламенттен бастап сот жүйесіне, полицияға, БАҚ және дінбасыларға өз билігін жүргізіп, барлық салада өзіне адал адамдарды жинады.

Фото: Bloomberg via Getty Images

Иран басқа елдермен қарым-қатынасты жақсартып, экономикалық байланыстарды кеңейтуге әрекет жасаған. Десе де АҚШ Ислам республикасын халықаралық терроризмді қолдаушылардың бірі ретінде қарастыруға тырысты. 

2002 жылы АҚШ президенті Джордж Буш Иранды “зұлымдық осі” деп аталатын тізімге қосты. Ал Орталық барлау басқармасы Хаменеиді бірқатар терактілерге қатысы бар деп мәлімдеді. Соның ішінде 1994 жылы Буэнос-Айрестегі еврей орталығындағы жарылысқа жауапты деп айыптады. Сол кезде 94 адам қаза тапқан еді. 

Ішкі мәселелер

Иранның ішкі саясатында да жағдай тұрақты бола қойған жоқ. Консерваторлар мен реформашылдар арасындағы қарым-қатынас күрделене түсті. Алайда текетірес 1990 жылдардың соңында шегіне жетті.

1997 жылы президент сайлауында жеңіске жеткен реформатор Мохаммед Хатами Батыс мәдениетіне жақсы көзқарас ұстанатынын хабарлады. Сонымен қатар Хаменеи ұстанымдарын ұлы аятолла Монтазери де сынға алды. Көпшілік оны Иранда Хаменеиға қарағанда моральдық және рухани тұрғыдан беделді тұлға деп санаған.

Фото: AFP

Сынға жауап ретінде Али Хаменеи өз жақтастарына үндеу жасап, “Батыс өз құндылықтарын бүкіл әлемге таңу үшін қауіпті батыс мәдениеті пайдаланатынын” ескертті.

2009 жылдың маусымында Хаменеи екінші мерзімге президент Махмуд Ахмадинежадтің кандидатурасын қолдады. Ахмадинежад Израильге және АҚШ-қа қарсы риторикасымен танымал болған. Осыдан кейін халық сайлауда бұрмалаушылық болды деп есептеп, наразылыққа шықты. Алайда оларды арнайы қызмет өкілдері қамауға алды. Осы кезде Хаменеидің әрекеті үкіметтегі кейбір консерваторларға жақпады. 

Хаменеи оппозиция жетекшілерін “Құдайдың жаулары” деп атап, оларды шариғат заңдары бойынша жазалау керегін мәлімдеді.

2019 жылы жанармай бағасы өскен соң халық жаппай наразылыққа шықты. Ол кезде де Хаменеи бірнеше күнге интернетті өшіріп, шеруді басуға тырысты. Amnesty International деректеріне сәйкес, полиция наразылық білдірушілерге автоматтан оқ атқан.

Хаменеи гендерлік теңдікке сенбеді. Алайда әйелдердің білім алуына шектеу қоймады. 

2022 жылы қыркүйекте 22 жастағы Махса Аминидің полиция бөлімшесінде қаза табуы елді дүр сілкіндірді. Ол хиджабты дұрыс кимеді деген айыппен ұсталған еді. Осы кезде өздігінен басталған наразылықтар бірнеше айға созылды. Шерушілердің ұрандары тез арада антиүкіметтік сипатқа ие болды. Наразылықтарды күштік құрылым қызметкерлері басып-жаншыды.

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, ол кезде 500-ден астам адам, оның ішінде 70 кәмелетке толмаған жасөспірім қаза тапқан. А шамамен 20 мың адам қамауға алынған. Билік шеруге қатысушыларды өлім жазасына кесе бастаған соң елде наразылықтардың ауқымы айтарлықтай азайды. Құқық қорғаушылардың дерегінше, 100-ден астам адам өлім жазасына кесілген.

2023 жылы ақпанда Хаменеи он мыңдаған тұтқынды кешірді.

Сыртқы саясаттағы бағыт

Хаменеи билік еткен жылдары Ислам революциясы сақшылары корпусы аймақтағы ықпалын айтарлықтай кеңейтті. Олар 1980 жылдары "Хезболла" және Сириядағы Хафез Асад режимімен одақтас болды.

2003 жылы көршілес Иракта Саддам Хусейн биліктен кеткен соң, Ислам революциясы сақшылары корпусы Ирактағы жасақтармен бірлесіп, Ираннан Жерорта теңізіне дейінгі аумақта еркін әрекет ете бастады.

2020 жылдардың басына қарай Иран, Сирия, Ливан, Газа секторы мен Йемендегі ықпалды күштерге айналды. 

Фото: EPA

Алайда Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталған соң Хаменеи жағдайдың күрт нашарлағанын сезді. 2023 жылы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне жасалған шабуылға Иранның қатысы бары ресми түрде жоққа шығарылды. Дегенмен Израиль бұл мәлімдемені жеткіліксіз деп санады.

2024 жылы шілдеде Израиль арнайы қызметтері ХАМАС көшбасшысы Исмаил Ханияны Тегеранда, Иранның жаңа президентінің инаугурациясына келген кезде өлтірді. Екі айдан кейін "Хезболла" ұйымының көпжылдық жетекшісі Хасан Насралла өлтірілді. Бұған жауап ретінде Иран Израильге жаппай соққы жасады.

Желтоқсанда Сирияда көтерілісшілер соққысынан Асад режимі құлады. Бұл Тегеранның аймақтық ықпалы үшін маңызды соққы болды.

Асад биліктен кеткен соң да Хаменеи жеңілгенін мойындағысы келмеді. Украинадағы соғыс басталған соң Иран Ресеймен жақындасты. Тегеран Ресей әскеріне дрондар, кейін зымырандар жеткізе бастады.

2022 жылы шілдеде Ресей президенті Владимир Путин Иранға келіп, аятолла Хаменеимен бесінші рет кездесті. Хаменеи Ресейдің шабуылын қолдап, қақтығыс үшін жауапкершілікті Батысқа жүктеді. Ол Путинге: “Егер сіз бастаманы өз қолыңызға алмағаныңызда, қарсы тарап соғысты өзі бастар еді” деп айтқан.

Ядролық бағдарлама

2005 жылы тамызда Али Хаменеи ядролық қаруды ислам нормаларына қайшы деп танып, ядролық қаруды өндіруге, жинақтауға және пайдалануға тыйым салды. Алайда екі жылдан кейін Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Иранның ядролық қару жасауға жарамды байытылған уран өндіруді жалғастырып жатқанын айтты. 

Фото: Getty Images

Президент  Хасан Рухани тұсында Иран сыртқы саяси бағытын өзгертіп, Батыспен қарым-қатынасты реттеуге тырысты. 2013 жылы Рухани сайланып, бірнеше айдан соң санкцияларды алып тастауға айырбас ретінде Иранның ядролық зерттеу бағдарламаларын тоқтату жөніндегі халықаралық келіссөздерді бастады. Ол кезде Хаменеи күмәнданып, Иранның егемендігіне қол сұғуы мүмкін деп санаған келісім тармақтарына қарсылық білдірді. Соған қарамастан, 2015 жылы құжатқа қол қойылып, Ядролық келісім (Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары) мақұлданды. Алайда келесі жылы Трамп билікке келіп, АҚШ-ты келісімнен шығарып, Тегеранға қарсы санкцияларды қайта енгізді.

Трамптың Ақ үйге қайта оралуы Хаменеи үшін жаңа қиындық туғызды. Себебі Трамп алғаш президент болған кезде Ислам революциясы сақшылары корпусының ықпалды қолбасшысы Сүлейманиді өлтіруге бұйрық берген еді. Трамп екінші рет президент қызметіне кіріскен кезде Иран жаңа ядролық келісімге келіспесе, жаппай соққы жасайтынын айтып бастады. Алайда Хаменеи бұл қысымға көнгісі келмеді. 

Фото: Anadolu

Ол 2015 жылғы келісім талаптарын бұзуды және уранды одан әрі байытуды қолдады. Хаменеи тұсында Иран 275 келі уран қорын жинақтаған.

2024 жылы Иран президенті Ибрахим Раиси ұшақ апатынан қаза тапты. Ол жоғарғы көшбасшы лауазымына негізгі екі үміткердің бірі саналған. Жаңа президент Масуд Пезешкиан реформатор ретінде қарастырылды. Алайда бұл жүзеге аспады. 2025 жылдың көктемінде АҚШ-пен келіссөздер Оман елінде басталды. Десе де Хаменеи келісімге күмән келтірді. 

Хаменеи Иран ішінде де, сыртында да қайшылықты саясаткер ретінде танылды. Ол әлем елдеріне бейімделу мен ымыраға келуді әлсіздіктің белгісі деп санады. Жас әрі білімді ирандықтардың талабынан бас тартып, оларды елемеуге тырысты.

Хаменеи қайтыс болған соң Иран тарихи таңдаудың алдында тұр. Оның мұрагері реформаларды бастай ма, әлде консервативтік бағытты жалғастырып, қоғамда ұзақ уақыттан бері пісіп-жетілген қақтығысты ушықтыра ма әзірге белгісіз. 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 01 Наурыз, 2026 14:42