"Илья Малинин тек мықты спортшы ғана емес, тамаша адам әрі менің досым" — Михаил Шайдоров

Михаил Шайдоров Олимпиада төрінде тарихи жеңіске жетіп, ел мерейін үстем етті. Бұл алтын медаль жылдар бойғы қажырлы еңбектің, табандылық пен сенімнің жемісі. Жеңістен кейін ол әсерімен бөлісіп, Милан қаласындағы қазақ жанкүйерлердің қолдауын ерекше ықыласпен еске алды. Сондай-ақ досы Илья Малининнің шынайы құттықтауына ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық лебізі де спортшыға ерекше жігер бергенін атап өтті. Бұл тек бір спортшының ғана емес, күллі Қазақстан халқының ортақ қуанышы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Olympic.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тарихи жеңіске қол жеткізген Михаил Шайдоров Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін 48 сағат бойы көз ілмегенін айтты. Оның сөзінше, бұл сәт әлі күнге дейін өң мен түстің арасындағы күйдей сезіледі.
"Шынымды айтсам, бар болғаны екі сағат қана ұйықтадым. Бүгінге дейін не болғанын толық түсіндіріп те бере алмаймын. Бұл сағаттар адреналинге, өзім үшін, ең алдымен елім үшін деген шексіз мақтаныш сезіміне толы болды", – деді ол.
Спортшы Милан төрінде қолдау көрсеткен жанкүйерлерге ерекше алғыс білдірді.
"Миландағы мұз айдынында көк туымызды желбіреткен жанкүйерлер ерекше қолдау көрсетті. Марапаттау рәсімінде зор қошеметке бөлендім. Баршаңызға рақмет!" — деді ол.
Сұхбат барысында Шайдоров жеңістен кейін 30 сағат өтсе де алтын медалін қолынан тастамағанын айтты.
"Бұл тарихи маңызы зор жүлде. Осы сәтке жету үшін өмір бойы еңбек еттім, тынымсыз жаттықтым. Сондықтан бұл медаль мен үшін айрықша қымбат", – деді спортшы.
Қазақстандық жанкүйерлер де тарихи сәтті қалт жібермей, түнгі төртке дейін ұйықтамай қолдау көрсеткен.
"Түні бойы көз ілмей, мені қолдаған барша Қазақстан халқына алғысым шексіз. Құттықтау хабарламалары өте көп болды, қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Қазақстанда жұма, 13-і сәтсіз күн деп айтылады. Бірақ енді бұл күн біз үшін алтын күнге айналды", – деді Шайдоров.
Жеңістен кейінгі сәттер құттықтаулар мен жылы лебіздерге толы болды. Ең тосын құттықтау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан келді.
"Президент маған “Барыс” орденін табыстайтынын айтты. Ел басшысының құттықтауын армандап өстім. Енді жақын арада онымен жүздесетінімді білу сөзбен жеткізу қиын сезім. Бәлкім, бұл арманымның шыңы шығар", – деді спортшы.
Жеңісіне қуанғанымен, Шайдоров қарсыластары үшін де алаңдағанын жасырмады.
Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған ол көшбасшылықты жарты сағат бойы сақтап тұрды. Бірінен соң бірі шыққан спортшылар оны басып оза алмады.
Шайдоровтың құрдасы әрі жақын досы Илья Малинин екі рет құлап, бірнеше элементті толық орындай алмай, еркін бағдарламада 15-орын алды. Нәтижесінде жалпы есепте сегізінші болып қалды.
"Илья өнер көрсеткен кезде сезімдерім аралас болды. Оған қолдау сөздерімді айтқым келеді. Олимпиадаға жету жолының қаншалықты ұзақ әрі күрделі екенін білемін. Әр спортшы үшін алаңдадым, қол соғып, барынша қолдау көрсетуге тырыстым", – деді Михаил.
Нәтиже жарияланғаннан кейін Малинин көш бастап тұрған досының жанына барып, оны құшақтап құттықтады.
"Ол маған бір ғана сөз айтты: “Сен бұған лайықсың”", – деді Шайдоров.
Спортшы Илья Малининмен әлі толық сөйлесіп үлгермегенін, алайда алдағы уақытта міндетті түрде кездесіп, қолдау білдіретінін жеткізді.
"Илья тек керемет спортшы ғана емес, тамаша адам. Біз жасөспірімдер жарысынан бері бірге өсіп келеміз. Бір үлкен отбасы секілдіміз. Біз тек бәсекелесіп қана қоймай, мәнерлеп сырғанауды бірге дамытып келеміз. Алда әлі талай жарыс бар, біз солардың бәрінде бірге өнер көрсетеміз", – деп түйіндеді Олимпиада чемпионы.
"1,5 келілік сәби жансақтау бөлімінде": Таиландқа демалуға барып, босанып қалған қазақстандық әйел елден көмек сұрады