Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Илья Ильин халықтан өзін қолдауды сұрады

Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем және екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мәлімдеген допинг дауына байланысты пікір білдірді.

Безымянный

Сурет m.vesti.kz

“Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ережесіне сәйкес барлық ақпарат “ADAMS” халықаралық жүйесінде тұр. Онда менің өмірімнің әр сәті, әр сағаты, қай жерде жүргенім барлық мәлімет көрсетілген. Мен допингке қарсы агенттік үшін әрдайым ашықпын, бұл жылы да Польшадағы және Алматыдағы оқу-жаттығу жиыны кезінде допинг-бақылаудан өттім”, – деді Илья Ильин Инстаграмдағы парақшасында.

Спортшы өзге атлеттер секілді тұрақты түрде допинг-сынамадан қалмайтынын, 2004 жылдан бері үнемі өтіп келе жатқандығын айтты. Сәйкесінше, нәтижесі де әркез теріс болып отырған.

“Мен Рио олимпиадасына дайындығымды әрі қарай тоқтаусыз жалғастыра беретін боламын. Маусым айының аяғында нәтижесі де шығып қалар деп ойлаймын. Олимпиадаға қатысуға өтініш білдіру үшін менде шілде айының ортасына дейін уақыт бар”, – деді спортшы.

“Маған қарай жолданған айыптаулардың барлығын жоққа шығарамыз деп үміттенемін. Мен 20 жасымнан бері уақыттың барлығын спорт залда өткізіп келе жатырмын. Күніне 3 реттен жаттығу жасап, қан мен тер қатар ақса да жаттығуды тоқтатқан емеспін. Әрқашан мойнымда отанымның, елімнің жауапкершілігі тұратынын сезінемін. Сол себепті үнемі жеңіс үшін күресемін. Осы жылдар ішінде қуанышта да, қиындықта да сіздер мені қолдадыңыздар. Бұл сәтте де сіздер қолдайды деп ойлаймын”, – деп атап өтті олимпиада чемпионы.

Бұған дейін IWF допинг дауына байланысты қазақстандық спортшылардың сайыстарға қатысуын тоқтатқан еді. Ильядан бөлек допинг бойынша күдікке ілінгендер арасында қазақстандық олимпиада чемпиондары Светлана Подобедова, Мая Манеза, Зульфия Чиншанлолар да бар.  Ал ауыр атлет Владимир Седов өз кезегінде бұл дауға басты кінәлі адам ретінде бас бапкер Алексей Ниді атады.

Талқылау