Илон Маск OpenAI жасанды интеллектін 100 миллиард долларға сатып алғысы келетінін мәлімдеді
Америкалық миллиардер Илон Маск және басқа да инвесторлар тобы OpenAI жасанды интеллект стартапын басқаратын коммерциялық емес ұйымды шамамен 100 миллиард долларға сатып алу туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Financial Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Ақпаратты кәсіпкердің заңгері Марк Тоберофф жариялады.
OpenAI басшысы Сэм Альтман X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде бұл ұсынысқа "жоқ, рақмет, бірақ егер қаласаңыз, біз Twitter-ді 9,74 миллиард долларға сатып ала аламыз" деп жауап берді. Маск Twitter-ді 2022 жылы 44 миллиард долларға сатып алған еді.
The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Маск коммерциялық емес ұйымды сатып алу үшін 97,4 миллиард доллар ұсынған.
OpenAI-ге жақын дереккөз Financial Times-қа берген сұхбатында бұл ұсынысты PR-әрекет деп атады.
Альтман қазір OpenAI-ді коммерциялық ұйымға айналдыру және оны бақылайтын коммерциялық емес ұйымды бөлу үшін жұмыс жүргізуде.
Илон Маск OpenAI негізін қалаушылардың бірі ретінде компанияны коммерциялық ұйымға айналдыру оның бастапқы миссиясына қарсы келетінін мәлімдеді. Өткен жылы ол OpenAI, Альтман және компания президенті Грегори Брокманды сотқа беріп, оларды келісімшартты бұзды деп айыптаған.
Сот барысында Маск, Альтман және Брокман қол қойған OpenAI құру туралы келісімнің коммерциялық емес ұйым болуын және адамзаттың игілігіне арналған әмбебап жасанды интеллект әзірлеуді көздегені айтылды, сонымен қатар технология ашық кодты болуы тиіс болған.
Айта кетейік, Илон Маск бастапқыда OpenAI-дың құрылтайшыларының бірі болған, алайда 2018 жылы компаниядан кеткен. Оның кетуіне Маск қарсы болған компанияның коммерциялық әрекеттері себеп болған.