Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тек мұғалімдерді жинаған": Алматы облысы әкімінің кездесуіне кіре алмаған тұрғындар шу шығарды (видео)

тек мұғалімдерді жинағанФото: Видеодан скрин

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданы Өтеген батыр ауылында халықпен кездесу өткізген. Десе де жиынға шын мәнінде қарапайым тұрғындар емес, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер жиналған. Оған ашуланған жергілікті тұрғындар залда шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 17 қазан күні Іле ауданы Өтеген батыр кентінде болған. Облыс әкімінің қатысуымен болатын кездесу басталмай тұрып, тұрғындар шу шығарды. Себебі кездесу туралы олар бір күн бұрын емес, бар болғаны 17 сағат қалғанда білген. Оны  әкімдіктің Instagram парақшасында хабарламаса білмес те едік дейді.

Олардың айтуынша, залды кілең мұғалімдермен толтырған. Недіктен залда қарапайым халық жоқ дейді, жиынға қатысушылардың бірі. 

"Бүгін жиналысқа 4 мектептің мұғалімдерін жинап отыр. Залда қарапайым халық жоқ. Әкіммен кездесу болатыны туралы ақпаратты әкімдіктің Instagram парақшасынан кеш көрдік отырмыз. Егер ол ақпарат шықпаса біз білмейтін де едік. Облыс әкімімен кездесу болатын кезде неге халыққа алдын ала хабарланбайды? Неге мұнда қарапайым халық келмейді? Неліктен бүкіл мұғалімдерді жинап, ауыздарына құм құйып отырғызып қояды. Мәселен, бүгін облыс әкімі келеді деп ауданды қалай тазалап қойған. Түнімен тазалап шықты жұмысшылар. Күнделікті осылай таза болса, әкім ауданымызға күніге келіп тұрса екен", – деді тұрғын Сұлтан Сандуғаш. 

Кездесу Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған жаңа мәдениет үйінде өтіпті. Ал мәдениет үйінде отырғандардың шамамен 70 пайызы – мұғалімдер, 20 пайызы – мемлекеттік қызметкерлер, ал 10 пайызы – қарапайым халық болған. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы облысы әкімдігінен мән-жайды сұрады. Десе де әкімдік сұрауымызды көре тұра, жауап бермеді. 

Десе де желі қолданушылары бұл әрекеттің дұрыс емес екенін айтып, қандай жиын болса да залда дәрігерлер мен мұғалімдердің отыратынын жеткізді. 

"Билік бір әлем, Халық бір әлем. Бізде солай. Елдің болашағын ойлаған үкімет бұлай істемеген болар еді. Біз бұл жағдаймен әлі талай уақыт ілгерілей алмаймыз. Халық төмендей береді, биліктегілердің қалталары қампая береді", "Әп бәрекелді. Шындықты айтатын 1 мұғалім шықты ма!? Сайлауға да мұғалім, сенбілікке де мұғалім, жиналысқа да мұғалім жүгіре беруші еді. Дұрыс осылай шындықты беттеріне басып айтатын уақыт келді", "Көтеріп отырған мәселе дұрыс. Залды мұғалімдер және мемлекеттік қызметкерлермен толтыруды тоқтату керек. Облыс әкімі халықты айдың соңында қабылдайды. Қабылдайтын адам саны алтыдан аспайды. Облыста шешімін таппай отырған мәселелер көп", "Ылғи залды мұғалімдер мен дәрігерлер толтырады. Қаншама мұғалімдердің сабақтары өткізілмей қалады. Неге қарапайым халық отырмайды", "Қай әкім жиналыс жасаса да мұғалімдер мен аурухана жұмысшылары отырады залда", – деп жазды олар. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 17:19
Талқылау