Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ы" сыныбына дейін жетеді: Асхат Аймағамбетов Ақмола облысындағы проблемалық мектептердің біріне барды

Білім министрі Асхат Аймағамбетов Білім күнінде өңірдегі ең жағдайы нашар мектепке барды. Бұл Қосшы қаласындағы №2 орта мектебі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Мен аймақтағы ең проблемалық мектептердің бірін әдейі таңдадым. Бұл оқу орнында бүгін 600-ден астам бала мектеп табалдырығын аттады. Әліпби бойынша 1-сыныптың реттілігі "Ы" әрпіне дейін жетеді. Білім ордасындағы оқушы орындарының саны 1200 білім алушыға қарастырылған. Оқу процесі үш ауысымда жүргізіледі. Дәл осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Президент атап өткендей, урбанизация мен демографияның өсуіне байланысты, 2025 жылға қарай оқушы орнының тапшылығы шамамен 1 миллион орынды құрайды, – деп жазды министр Facebook-те.

Ол осы мәселені шешу үшін биыл 200 жаңа мектеп ашу жоспарланғанын атап өтті. Ал 2025 жылға дейін біздің алдымызға әкімдіктермен бірлесіп бүкіл ел бойынша мың мектеп салу міндеті қойылды.

Ақмола облысының Қосшы қаласындағы мектептердегі оқушылардың көбеюі проблемасын шешуге келетін болсақ, 2021 жылдың соңына дейін онда екі ауысымда оқытатын 2400 орындық жаңа мектеп салу жоспарлануда. Ал келесі жылы 2400 оқушыға арналған екі ауысымда оқытатын тағы бір мектеп ашылады. Сонымен қатар аталған қалада 2023 жылға дейін тағы бірнеше мектеп салу жоспарлануда.

“Мектептер салу жөніндегі жұмыс барлық өңірде озық қарқынмен жүргізілуі тиіс. Әкімдіктер мектеп құрылысы үшін жер учаскелерін алдын ала резервке ұстап, тек мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуі қажет. Мектеп құрылысы барысында қоғамдық мониторингті қамтамасыз ету және Президент тапсырмасын орындау үшін арнайы ақпараттық портал дайындап жатырмыз. Ол жерде қандай елді мекенде мектеп салынатынын, құрылыстың ағымдағы жағдайы мен барысын көруге болады.

Сапалы білім, жайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін ең алдымен материалдық-техникалық базаны және оқыту үшін санитарлық нормаларға сәйкес жағдайларды қамтамасыз ету қажет екенін түсіну қажет”, – деп атап өтті ол.


Президент: Балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Бұл – қиын жағдай 


 

Талқылау