Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Хуситтер америкалық ұшақ тасығыш кемеге шабуыл жасады

Йемендегі хуситтер Қызыл теңізде АҚШ-тың "Harry Truman" әуе кемесіне баллистикалық зымырандармен және ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Al Jazeera басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: АҚШ әскери-теңіз күштері

Хуситтер АҚШ-тың әуе соққыларынан кейін қақтығыстың ушығуына дайын екенін жеткізді. Хуситтер партиясының Саяси бюросы шабуылдарға "әскери қылмыс" деп баға берді.

“Шабуыл жауапсыз қалмайды. Біздің Йемен қарулы күштері қақтығысқа қарсы әрекет етуге дайын”, – деп мәлімдеді "Ансар Аллах" партиясы.

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц өз кезегінде АҚШ-тың Йемендегі соққыларынан кейін хуситтердің бірнеше көшбасшысы қаза тапқанын растады.

“Бұл тек бастамасы. Біз қалған бейберекетсіздікті түзетеміз. Операция бірнеше аптаға созылады және ол хуситтердің көшбасшыларын жоюға және олардың халықаралық сауда жолдарына шабуылдарын тоқтатуға бағытталған”, – деді Майк Уолтц.

Сондай-ақ АҚШ хуситтерге барлау мәліметтерін жинауға көмектесіп жатқан Қызыл теңіздегі Иран әскери-теңіз күштерінің кемелеріне соққы жасауды қарастырып жатыр. 

АҚШ президенті Дональд Трамп хуситтерге көмектесіп отырған Иранға қолдау көрсетуді тоқтатсын деп ескертті. Ол Иран АҚШ-қа қоқан-лоқы көрсетсе қандай шара қолданатынын айтты.

"Америка сендерді түгелдей жауапқа тартады, біз мейірімділік танытпаймыз", – деп мәлімдеді Трамп.

Оның бұл мәлімдемесіне Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы жауап берді.

“Хуситтер стратегиялық және операциялық шешімдерін өздері қабылдайды және Тегеран оған қарсы кез келген әрекетке батыл жауап береді”, – деді ол.


АҚШ пен Израиль Йемен астанасына әуе шабуылдарын жасады


Айта кетсек, Қызыл теңіз – мұнай мен отын тасымалдаудың әлемдегі ең маңызды бағыттарының бірі.

"Бүгін мен АҚШ Қарулы күштеріне Йемен террористері – хуситтерге қарсы батыл және қуатты әрекеттерге көшуге бұйрық бердім", – деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Ол бұл шешімнің хуситтердің америкалық және өзге де кемелерге, ұшақтар мен дрондарға шабуылдарын тоқтатпағанына жауап екенін айтты.

Бұған дейін АҚШ-тың Йемендегі хуситтерге шабуылы салдарынан 30 адам қаза тапқан еді. 

Талқылау