Ассам, Tide, Raffaello, және Lego: Қазақстанда қандай танымал брендтердің көшірмесі заңсыз сатылды
Қазақстанда биыл жыл басынан бері тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар әлемдік брендтердің көшірмелерін заңсыз сатқан кәсіпкерлер ұсталды. Әділет министрлігі Stan.kz тілшісіне анықталған контрафактілік өнімдердің қалай тәркіленіп, жойылатынын және құқық бұзушыға қандай жаза тағайындалатынын айтып берді.
Фото: ozon.kz/metylan.ru/instagram.com/kitkat/instagram.com/raffaello_kz_official
2024 жылдың басынан бастап әділет органдарының тексеру нәтижесінде брендтердің көшірмесін сатқан 132 құқық бұзушы анықталып, бәрі жауапқа тартылған. Жалпы сомасы 47 090 778 теңге болатын 332 325 контрафактілік өнім заңсыз айналымнан алынды. Олардың қатарында бірнеше әлемге танымал брендтердің көшірмесі де бар:
- "Chanell";
- "Apple";
- "Louis Vuitton";
- "Levi`s";
- "LEGO";
- "PUMA";
- "Hugo Boss";
- “TOYOTA/LEXUS”.
Мысалы, тек "Apple" компаниясының өтініштері бойынша тауар белгісін заңсыз пайдалану фактілері бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне 38 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 37 іс қозғалып, сотқа жіберілді. Барлық құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Одан бөлек күнделікті өмірде тұтынып жүрген тұрмыстық заттар мен азық-түлік өнімдерінің көшірмесі заңсыз сауда айналымында көптеп кездеседі.
- "Kit Kat";
- "Nesquik";
- "Procter&Gamble";
- "Henkel AG & Co. KgaA";
- "ZEPTER";
- "Almacom";
- "Джин";
- "Наурыз";
- "Ассам";
- "Prachka" сынды сауда белгілерінің құқығы қорғалды.
2024 жылғы 02 ақпанда Шымкент қаласындағы Әділет департаментінің қызметкерлері "Henkel AG & Co. KgaA" және "Procter&Gamble", Шымкент қаласының аумағында жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында кір жуғыш ұнтақтарды өндіру фактісі анықталды.
“10 келі "Ariel AQUA PUDRA", 9 келі "Tide AQUA PUDRA color", 10 келі "Миф AQUA PUDRA", 200 дана "Persil", 102 дана, 20 дана қаптамадағы кір жуғыш ұнтақ тәркіленді. Бұл контрафактілік тауарлар жалпы салмағы 4 тоннадан асады. Құқық бұзушылар "Henkel AG" және "Procter & Gamble" компанияларына 3 441 882 теңге залал келтірді”, – деп мәлімдеді Әділет министрлігі.
Контрафактілік тауарлардың қатарында түсқағаз желімі “METYLAN” да бар. Ведомство қызметкерлерінің айтуынша, сараптама ұйымының қорытындысына сәйкес, "Метилан" белгісі бар тұсқағаз желімі "METYLAN" тауар белгісімен бірдей. Осылайша, 7 млн теңгеден астам сомаға 14 276 қаптама контрафактілік өнім тәркіленді. Кәсіпкер әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сол сияқты, Алматы қаласының көтерме базарларының бірінде кәсіпкер әлемге танымал "LEGO" тауар белгісінің контафактілі өнімдерін сатқан. Құқық бұзушының заңсыз әрекетінен кейін 4 миллион теңге шамасында брендтің 3145 көшірмесі тәркіленіп, сот шешімі негізінде жойылды.
Сондай-ақ бұған дейін Шымкентте ер адам LEGO сауда маркасы бар 70 қорап жалған конструкторларды сатқан еді. Кәсіпкер Қытайдан ойыншық дизайнының көшірмесін алған. Брендтің көшірмесін сатқаны үшін ер адамға 103 мың 500 меңге көлемінде айыппұл салынды.
- Сонымен қатыр ведомство Алматы облысында тағы бір кәсіпкердің "Toyota" маркалы көлігінің мотор майларының көшірмесін сатумен айналысқанын айтады. Осылайша "Toyota" компаниясы өкілінің өтініші бойынша көтерме сауда бойынша жеке кәсіпкерге тексеру жүргізілді. Нәтижесінде құны 5 миллион теңгеден аса 520 бірлік (1,5 тонна) контрафактілі өнім сот шешімі негізінде жойылған.
- Шымкент қаласының 50 жастағы тұрғыны кір жуғыш ұнтақты қолдан жасап, оны “Tide”, “Ariel”, “Mif” бренді деп сатқан. Әділет департаментінің мәліметінше, ер адамның шеберханасынан таразы, темір дәнекерлеу жабдықтары және 8 мыңнан астам бос пакет табылып, тәркіленген. Сондай-ақ ведомство 1,5 мыңға жуық дайын контрафактілік өнімдер, 8 мың бос пакет және 51 дана арзан ұнтақ пен Barf және Push сияқты тұрмыстық тауарлардың жойылғанын мәлімдеді. Кір жуғыш ұнтақтарды қолдан жасаған азамат таратушы компанияға 10 миллион теңгеден астам шығын келтіргені анықталды. Барлық шығынды сотталушылар толық өтеп берді.
- Қамыр қопсытқыш ұнтақты көшірмелеп сатқан шымкенттік кәсіпкерлер де ұсталды. Кәсіпкерлер "Cykorya S" тауар белгісін заңсыз пайдаланған. Әділет министрлігінің мәліметінше, түпнұсқа мен көшірмені қаптамасына қарап ажыратуға болады. Көшірмеде анық жазулар мен суреттер жоқ. Қаптаманың артқы жағындағы таңбалауда айырмашылықтар бар. Сондай-ақ тауардың контрафактілік өнімдерінің өндірілген күні қанық түске боялмаған. Сөйтіп қоймасында 1200 бума қопсытқыш ұнтақ сақталған азаматқа 92 мың теңгеге жуық айыппұл салынса, 5,5 дана өнімі бар тұрғын 61 260 теңге көлемінде айыппұл арқалады.
- Сондай-ақ Қазақстанда "Raffaello" тәттісінің көшірмесі сатылмақ болған. Астана қаласы Әділет департаментіне "Raffaello" тауар таңбасының құқық иесінің өкілінен арыз түскен. Тексеру барысында кәсіпкерден құны 110 200 теңге болатын 76 қорап "Raffaello" өнімі тәркіленді. Тауар белгісін заңсыз пайдаланып, құқық бұзғаны үшін кәсіпкерге 110 мың 760 теңге көлемінде айыппұл салынды.
- Тағы бір қазақстандық кәсіпкер Zara және Oysho брендін пайдаланып, заңсыз киім сатқан. Кәсіпкер заттарды көтерме бағадан төмен бағаға сатып алған. Олардың ішінде осы екі брендпен белгіленген футболкалар, шалбарлар, джинстар, көйлектер мен леггинстер бар. Осылайша кәсіпкер заттарды өз бутигінде сатуға қойған. Құқық бұзушы аналогтық брендтерді сатуға лицензия және рұқсат қажет екенін білмеген. Компания мен Әділет департаментінің өкілдері бутиктен құны 2 миллион теңгеден асатын 117 тауарды тәркіледі. Тауар белгісін заңсыз пайдаланған кәсіпкерге 100 мың теңге айыппұл салынды.
- Алматы соты сән әлеміне белгілі "Винтаж" журналының бренд-директоры Әсемгүл Хасанғалиеваны танымал, қымбат брендтердің көшірме сөмкесі мен сағаттарын қомақты қаржыға сатқаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Жәбірленушілердің бірі блогер-байерден Hermes Kelly сөмкесін сатып алып, ол үшін 7 280 000 теңге (сол кездегі курс бойынша 14 000 еуро) төлеген. Әсемгүл сөмкені әкелгенімен, чек пен тауардың түпнұсқалығын растайтын құжаттарды неге екені белгісіз, ұсынбаған.
Контрафактілік өнімдер қалай тәркіленеді?
Әділет министрлігі брендтік өнімдердің көшірмесін сатқандарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 804-бабы 1-бөлігінің 33-тармақшасы және 158-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға өкілеттік берілгенін айтады. Кәсіпкерлік кодексі негізіндегі жоспардан тыс тексерулерден кейін хаттамалар толтырылып, контрафактілік өнімдер жойылады.
“Сонымен қатар "Кедендік реттеу туралы" кодекстің 198-бабына сәйкес кеден органдары сырттан келген тауарлардан құқық иеленушінің құқығы бұзылған жағдайда, заңсыз тауарларды шығаруды он жұмыс күні ішінде тоқтатуға құқылы. Мысалы, 2024 жылдың маусым айында құқық иеленушілердің өтініші негізінде тоқтатылған декларациялар бойынша сырттан келген контафактілік тауарларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша 11 хаттама толтырылды. Осылайша 790088 теңге сомасында 484 бірлік заңсыз өнім сот арқылы тәркіленді”, – деп мәлімдеді Әділет министрлігі.
Құқықбұзушылар қалай жазаланады?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабына сәйкес бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін:
- Жеке тұлғаларға – 20 АЕК;
- Шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК;
- Орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне – 40 АЕК;
- Ірi кәсiпкерлiк субъектiлеріне – 80 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
“Қылмыстық кодексінің 222-бабына сәйкес, бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін, егер іс-әрекет iрi залал келтiрсе, 80 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 80 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, немесе жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жауапкершілік түрлері қарастырылған”, – делінген хабарламада.