Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді жұмыс берушілер интернетте қызметкерлері туралы пікір қалдыра алады

HR Enbek еңбек ресурстары порталында пікір қалдыратын жаңа функция пайда болды. Енді жұмыскерлер мен жұмыс берушілер түрлі жағдайға байланысты пікір қалдыра алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Рixabay.com

Енді жұмыскерлер – қазіргі және бұрынғы жұмыс орындары туралы, ал жұмыс берушілер – қазіргі және бұрынғы қызметкерлері туралы пікір қалдыра алады. Пікірде бес жұлдызды бағалау (өте нашар немесе өте жақсы) және мәтіндік сипаттама бар. Бұл функция қызметкер мен жұмыс берушінің өзара әрекеттесуінің оң немесе теріс тәжірибесін бағалауға мүмкіндік береді. Алайда бұл міндетті емес.

“Пікір қалдырып, оның түпнұсқалығына кепілдік беру үшін оған электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қою керек. Сіз өзіңіздің жазбаларыңызды "Менің пікірлерім" (пайдаланушы қалдырған) және "Мен туралы пікірлер" (пайдаланушы алған) тиісті бөлімінен көре аласыз. Жасалған және алынған пікірлер туралы барлық деректі құжат форматында жүктеуге болады”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство қызметкер мен жұмыс беруші тек бір пікір қалдыра алатынын атап өтті. Бұл ынтымақтастық туралы ақпаратты толықтыруға немесе нақтылауға мүмкіндік береді.

Enbek.kz электронды еңбек биржасының порталында жұмыс берушілер туралы пікірлерді көру мүмкіндігі барлық ізденуші үшін 2025 жылы қолжетімді болмақ.

“Бұл функция жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынастардың ашықтығын арттыруға, жұмыс іздеу және қызметкерлерді жұмысқа алу процесін жеңілдетуге бағытталған. Пайдаланушы берілген ақпарат үшін толық жауап беретінін ескеру маңызды. Осы онлайн-платформаларда дәйексіз ақпарат қалдырған жағдайда заң тұрғысынан жауапкершілік қарастырылған”, – делінген хабарламада.

Еңбек және халықты қорғау министрлігі жалған ақпаратты тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Талқылау