Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Химки" футбол клубы РПЛ-дан шығып, банкрот деп танылуы мүмкін

Фото: kff.kz

"Химки" футбол клубы 2025/26 маусымында Ресей Премьер-лигасына (РПЛ) қатыспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл шешім Ресей футбол одағының (РФО) клубқа лицензия беруден бас тартуына байланысты қабылданды. Бас тартуға себеп — мерзімі өткен қарыздар мен келесі маусымға қажетті қаржылық кепілдіктердің жоқтығы болды.

Өткен маусымда "Химки" 12-орынды иеленіп, РПЛ-да өз орнын сақтап қалған еді. Алайда команданың лицензия ала алмауы олардың Премьер-лигада ойнауына мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар, клуб өздерінің Екінші лигада өнер көрсететін қосалқы командасын да тарататынын хабарлады.

БАҚ-та клубтың банкротқа ұшырап, жабылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Кейбір деректерге сәйкес, "Химки" таратылу процесін бастап кеткен. Ал жастар командасының ойыншыларына келісімшарттарды қарызсыз бұзу ұсынылған. Алайда клубтың баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарып, ресми түрде банкрот туралы шешімнің қабылданбағанын мәлімдеді.

Қазіргі таңда "Химки" клубының болашағы бұлыңғыр. Оның тағдыры басшылықтың шешіміне және клубтың нақты қаржылық жағдайына байланысты болады.

Айта кетейік, команданы 16 сәуірден бері Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиев жаттықтырады.

Абылайхан Палмағанбет
Дүйсенбі, 02 Маусым, 2025 20:22
Талқылау