Ханболат Назарбаев Астанада бұзуға міндеттелген ғимаратты бауырына сыйға тартқан
Әлеуметтік желіде сот Ханболат Назарбаевқа айыппұл төлетіп қана қоймай, сонымен бірге заңсыз салынған құрылысын бұзуын міндеттегені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: АқЖайық / Ағайынды Ханболат Назарбаев пен Данияр Кесікбаев
Negeaqsha телеграм арнасының дерегіне сенсек, 2024 жылғы 20 ақпанда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Болат Назарбаевтың Майра Құрманғалиевадан туған ұлы Ханболат Назарбаевты Тәуелсіздік даңғылындағы сауда-ойын-сауық орталығының заңсыз құрылысын салғаны үшін 103 500 теңге айыппұл салды. Ол бұл учаскіні 2020 жылдың ақпанында сыйға алып, онда тұрған қонақүй кешенін бұзып, оның орнына сауда-ойын-сауық орталығын салуды бастады. Бірақ құрылысқа рұқсат алмай және алдын ала хабарламады.
Фото: storyone.ru
Сот Ханболат Назарбаевқа тек айыппұл төлетіп қана қоймай, сонымен бірге заңсыз салынған құрылысын бұзуын міндеттеді.
Ханболат Назарбаев сот шешіміне қарсы шығуға тырысты. Ол айыппұлды төлеуге дайын екенін, бірақ сауда-ойын-сауық орталығын бұзбай қалдыруға рұқсат беруін сұрады. Астана қаласының соты оның өтінішін қабылдамады. Енді Ханболат объектіні бауыры Данияр Кесікбаевке сыйға тартқаны туралы белгілі болды. Олардың анасы ортақ, бірақ әртүрлі әкеден туған.
Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының жетекшісі Ғани Тәжиевтің сөзінше, міндетті бұзу туралы қаулы Астана қаласы әділет департаментіне орындалуға жіберілді.
"Департаменттің дерегінше, Ханболат бұл объектіні сыйға беру шартымен Данияр Кесікбаевқа тапсырған. Бұған байланысты басқарма сыйға беру келісімшартын жарамсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз жолдады", – деп хабарлады Ғани Тәжиев.
"Қаңтар оқиғасынан" кейін Назарбаевтар әулеті қанша ақша мен дүниеден айырылды
Еске салайық, бұған дейін Болат Назарбаевқа қатысы бар ғимарат аукционда 1,5 миллиард теңгеге сатылғанын жазған едік. 11 желтоқсанда E-Qazyna порталында қайтарылған активтерді сату бойынша сауда-саттық аяқталды. Қайтарылған активтерді басқару компаниясы аукционға қойылған жеті активтің төртеуін сатты. Алматыда Байтұрсынов көшесінде орналасқан ауданы 1 711,2 шаршы метр екі қабатты үй 1 миллиард 549 миллион теңгеге сатылды. Бұған дейін БАҚ беттерінде ғимараттың Назарбаевтар отбасына тиесілі екенін, оның ішінде Болат Назарбаев пен оның ұлы Нұрбол Назарбаевтың – "BN InvestCapital" ЖШС және "Ush Konyr Invest Corporation" ЖШС кеңселері орналасқаны туралы ақпарат тараған еді.