ХАМАС тұтқында екі баласымен өлтірілген израильдік әйелдің денесін қайтарды
ХАМАС содырлары кепілге алынған израильдік Шири Бибастың денесін отбасына қайтарды. Туыстарының айтуынша, әйел екі кішкентай баласымен бірге тұтқында қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Отбасылық мұрағаттан
Ширидің отбасы келіншектің денесін қайтарып, Израиль билігінің әйелдің тұтқында отырып қаза тапқанын растағанын айтты.
“Сот-медициналық сараптама институтындағы сәйкестендіру процесінен кейін бүгін таңертең біз қорыққан хабар жетті. Шири тұтқында қаза тапты және қазір ұлдарының, күйеуінің, әпкесінің жанына тыныштық табу үшін оралды. Соңына дейін Ширидің тірі екеніне сендік. Олармен қайта қауышамыз деп үміттендік, бірақ қабырғамыз қайысып отыр”, – дейді марқұмның туыстары.
20 ақпанда ХАМАС лаңкестері Израильге кепілге алынған төрт адамның мәйіті бар табыттарды тапсырып, олардың израильдік Шири Бибас, оның балалары Ариэль мен Кфир және 83 жастағы Одед Лифшиц екенін айтты. Оларды 2023 жылы 7 қазанда Израильдегі кооперативтік ауыл шаруашылық кәсіпорны Нир Оздан ұрлап кетті. Ол кезде Кфир 9 айлық, ағасы Ариэль 4 жаста болатын. Ширидің өзі 32 жаста еді. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, балалар 2023 жылдың қарашасында лаңкестер қолынан қаза тапқан.
Алайда төртінші мәйіттің Шири Бибас емес екені белгілі болды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәйіттің Газа секторының белгісіз тұрғынына тиесілі болып шыққанын айтты. Содырлар Ширидің күйеуі Ярден Бибасты тірі қалдырып, 1 ақпанда босатып жіберген. Ер адам кепілде болғанда жақындарын көрмеген. Оған отбасымен сөйлесуге мүмкіндік бермеген.
Бұған дейін Израиль жүздеген палестиналық тұтқынды босатуды кешіктіргені туралы жазған едік.