Halyk Bank цифрлық теңгені пайдалана отырып алғашқы кредит берді

Halyk Bank цифрлық теңгені пайдалана отырып, “Өрлеу” бағдарламасына қатысу туралы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорымен келісім жасаған алғашқы банк болды. Бұл қадам Қазақстанның ұлттық цифрлық валютасын енгізу жөніндегі маңызды кезеңді білдіреді.
Цифрлық теңгені пайдаланған алғашқы клиент — павлодарлық кәсіпкер Виталий Кремберг. Оның жобасы үй жануарларына арналған гигиеналық толтырғыш ретінде қолданылатын түйіршіктер/абсорбент кәсіпорнын салуға, сондай-ақ құрылысқа, ауыл шаруашылығына және экологиялық мақсаттарға (мысалы, жанар-жағармай төгілген апаттарды жою кезінде) бағытталған.
“Біз бұл жобаны тек бизнес үшін бастаған жоқпыз. Біз мақтан тұтатын өнімді – өз жерімізде жасалған сапалы сіңіргішті жасағымыз келеді. Бұл жануарларға арналған толтырғыш қана емес, бұл фермада, құрылыста, экологияда қолданылатын әмбебап шикізат. "Өрлеу" жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдау біздің бастапқы капиталымызға айналды, және біз цифрлық теңгені жаңа кезеңнің символы ретінде пайдаланамыз: технологиялық, ашық және ұзақ мерзімді өсуге бағдарланған. Біз бұл сенімді нақты өзгерістерге айналдырғымыз келеді: елде жоғары стандартқа сай өнім пайда болуы және біздің бизнесіміз тұрақты, жауапты өндірістің символына айналуы үшін”, – дейді Виталий Кремберг.
Цифрлық теңге – тек қана Ұлттық банк шығаратын Қазақстанның ұлттық валютасының электрондық нұсқасы. Бұл құралды енгізу қаржы жүйесін жаңғыртуға және қаржылық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.
Цифрлық теңгені пайдалану клиенттердің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын жеңілдетеді: барлық процестер онлайн өтеді, шарттар барынша ашық, ал қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тексеру қысқа мерзімде жүзеге асады. Сонымен қатар, қауіпсіздік, құпиялылық және қолданыстағы қаржы жүйелерімен интеграция – негізгі артықшылықтар болып табылады.
“Halyk-тің пилоттық жобаға қатысуы Банктің инновацияларға деген ұмтылысын және Қазақстанның қаржылық ландшафтын трансформациялауға белсенді қатысуын көрсетеді. “Даму” Қорымен серіктестік шағын және орта бизнес өкілдері үшін жаңа перспективалар ашады, оларға жеңілдетілген рәсімдермен және ашықтықты арттыра отырып, цифрлық теңгемен қарыз алуға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті Halyk Басқарма төрағасының орынбасары Ольга Вурос.
“Біз мемлекеттік қолдау бағдарламаларының ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін цифрлық теңгені пайдаланудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Оның негізгі артықшылықтарының бірі – бөлінген қаржыландыруды мақсатты пайдалануды бақылауды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды таңбалау. Бұл келісім озық қаржылық технологияларды енгізудегі маңызды қадам болып табылады. Серіктестік шеңберінде кәсіпкерлер кредиттік өнімдерге цифрлық теңгемен қол жеткізе алады, бұл кредиттеу процесін тезірек, ашық және тиімді етеді. Біз бизнеспен жұмыс істеуде цифрлық теңгенің мүмкіндіктерін кеңейте отырып, осы бағытты одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз”, – деп атап өтті "Даму" Қоры Басқарма төрағасының орынбасары Арсен Мұстафин.
Еске сала кетейік, “Өрлеу” бағдарламасы 2025 жылдың маусым айында іске қосылды. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша “Даму” қоры 72 млрд теңге бөлді, оны қысқа мерзімде Halyk Bank толық игерді.
“Өрлеу” бағдарламасының шарттары бойынша шағын және орта бизнес сегментінің кәсіпкерлері инвестициялық мақсаттар үшін 7 млрд теңгеге дейінгі лимитпен жылдық 12,6%-бен, ал айналым қаражатын толықтыру үшін 3,5 млрд теңгеге дейін қарыз ала алады. Сондай-ақ, бұрын берілген қарыздарды қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылады, бұл бизнеске өзінің қаржылық міндеттемелерін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, қазақстандық бизнесті қолдау үшін Halyk Bank және “Даму” Қоры портфельдік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде кредиттер бойынша субсидиялар беру туралы келісімге қол қойды. Бағдарламаның шарттары бойынша "Даму" Қоры кредиттің ең жоғары сомасы 200 млн теңгеге дейін 13,2%, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін 11,3% ставка бойынша субсидиялар береді. Айырмашылықты Қаржы агенттігі субсидиялайды.
Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлер инвестициялық жобаларға немесе айналым қаражатын толықтыру үшін қарызды пайдалана алады. Бағдарлама шағын және орта бизнес кәсіпкерлері үшін ашық.
Бағдарламаның негізгі артықшылықтарының бірі – қаржыландыру процесін едәуір жеңілдететін портфельді субсидиялау. Бұл несиеге өтінімдерді қарау кезеңдері мен мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді. Қарыз беру туралы шешімді банк тікелей қабылдайды. Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкерлер кеңес алу және өз қаласындағы Halyk Bank филиалдарына несие рәсімдеу үшін жүгінуі қажет.
Банкте атап өткендей, портфельдік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде кредиттер бойынша субсидиялар беру туралы келісімге қол қою – Қазақстанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды дамытудағы маңызды қадам. Жаңа бағдарлама кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып және тұрақты экономикалық дамуға жағдай жасай отырып, өсу мен дамудың бірегей мүмкіндіктерін ұсынады.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді