Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Халықтың үй алуына кедергі жасайды": Қазақстанда келсі жылдан бастап ипотека қымбаттамақ

Ел үкіметі банктердің баспана несиесінен табатын табысына 25 пайыздық салық енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Фото: Freepik.com

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының болжауынша, бұл бастама халықтың баспаналы болуына кедергі жасайды. 

Үкіметтің қосқан жаңашылдығы үйге берілетін несие мөлшерлемесінің көтерілуіне әкеп соғады. Оны экономика министрі Серік Жұманғарин де жоққа шығармайды. Ал құрылысшылар қауымдастығы өкілдерінің пікірінше, мұндай тәртіп нарықтық ипотекаға деген сұранысты күрт төмендетеді. 

"Салықтың өсуі мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға әсер етпейді деп үміттенеміз. Енді оларда пайыз көтерілсе мәселе қиын. Банктерге салықтың өсуінің құрылыс саласына тікелей ықпалы жоқ. Алайда сұраныс жоғалса баспана салатын компанияларда мәселе пайда болады. Нарықтық ипотека сөзсіз қымбаттайды", – дейді Құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков. 



Қаржыгерлердің пікірінше, салық көтерілген күні қарыз алушыларға алғашқы жарнадан бастап, артық төлем мөлшері де көбейеді. Қазір нақты қанша теңге қосылатынын болжау қиын. Бірақ бұл жағдайды себеп қылып мемлекеттік бағдарламалардың да пайызын өсіру орынсыз болады дейді.

"Мысалы Отбасы банкті алсақ. Мемлекеттік ипотекалық бағдарламаның барлығы дерлік сол қаржы ұйымында. Баспана саласындағы монополистке айналған. Бірақ олар басқа банктер сияқты салық төлемейді. Шығынын мемлекет өтейді. Оларға ипотеканы қымбаттатуға негіз жоқ", – дейді Қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досов. 

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, жалпы ипотеканың 60 пайызы Отбасы банк, шамамен 30 проценті "7-20-25" бағдарламасы арқылы рәсімделген. Ал талабы аз, бірақ пайызы көп қарапайым тұрғын үй несиесінің көрсеткіші 15 пайыздан аспайды. Есте болса, бұған дейін 25 миллион тұратын пәтерді нарықтық ипотекамен алу үшін биыл ай сайынғы табыс кемінде 770 мың теңге болуы керегін айтқанбыз.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ипотекаға алған пәтерді жалға беру заңсыз болып саналатыны туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 19 Сәуір, 2025 15:06
Талқылау