Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтары тұрғындарды қабылдауды тоқтатты
Еліміздегі Халыққа қызмет көрсету мен арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтарды қабылдауды уақытша тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: 2Gis
Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, техникалық ақауларға байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтары мен арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында қоғамдық қабылдау уақытша тоқтатылды. Қазір "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның бірқатар серверлері қолжетімді емес.
Фото: gov4c.kz сториз скрин
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, интернет ақауы бізде ғана болып жатқан жоқ.
"Ұялы байланыс пен Meta (Facebook, Instagram, WhatsApp) сервистеріндегі қазіргі ақаулар ғаламдық сипатқа ие болды. Бұндай ақаулар әлемнің көптеген елдерінде тіркелді. Бұл Ұлттық ақпараттық технологиялар (egov және gov) қолдайтын қызметтердің техникалық ақауына қатысты емес”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік "Ұлттық ақпараттық технологиялар "қолдау көрсететін қызметтердің жұмысы қайта қалпына келтірілгенін мәлімдеді.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар қолдау көрсететін қызметтердің жұмысы, оның ішінде eGov.kz порталы, eGov мобильді қосымшасы, E-license және "Цифрлық құжаттар" сервисі, "Ашық үкімет" порталдары, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы қалпына келтірілді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарында және екінші деңгейлі банктік өтініштер бойынша мемлекеттік қызметтерді алу үдерісі қалпына келтірілді.