"Шешім заңды күшіне енген жоқ": Халықаралық іздеу жарияланған Дана Орманбаеваның күйеуі мәлімдеме жасады
Белгілі КВН ойыншысы Дәуіт Шайхисламов "ұлтаралық араздықты қоздырды” деп айыпталған әйелі Дана Орманбаеваға заңсыз іздеу жарияланғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Instagram.com/daut.shaikhislamov
Дәуіт Шайхисламовтың айтуынша, отандық журналист Дана Орманбаеваға тағылған айыпты "Blogerskii Pizdesh" арнасының авторы Алена Панамарева қолдан жасаған. Ол қазақстандықтар мен мемлекет басшысына үндеу жасады.
“Мен заңға ұзақ уақыт сеніп келдім, бірақ қазір үндемей отыруға болмайтынына көзім жетті. Бәрін ашық айтып, әділдік іздейтін кез келді! 2024 жылдың сәуірінде "Blogerskii Pizdesh" арнасының авторы Алена Панамарева Алматы полиция департаментіне шағым түсірді. Кейін менің әйелім Дана Орманбаеваға ойдан шығарылған арыз бойынша "ұлтаралық араздықты қоздырды” деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Меніңше, Алена Панамарева осылайша өзіне берілген тапсырысты орындады”, – дейді Дәуіт Шайхисламов.
Оның айтуынша, Алматының тергеу сотының Дананы сырттай қамауға алу туралы шешімі заңды күшіне енген жоқ, ал адвокаттар Алматы қалалық сотына шағым түсірген. Алайда видео авторы БАҚ бұл заңсыз шешімді алға тартып, жалған ақпарат таратып, сол арқылы апелляциялық сотқа қысым көрсетіп жатыр деп санайды.
Дәуіт Шайхисламов соттың әділ болуын талап етті.
Еске салайық, 25 қаңтарда әлеуметтік желіде қазақстандық продюсер әрі журналист Дана Орманбаеваға халықаралық іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тарады. Алматы полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Полиция Орманбаеваға қатысты "ұлтаралық араздықты қоздыру" фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді.