Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халық үзілді-кесілді қарсы болған": Министр уақыт белдеуін ауыстыруды астананы көшірумен салыстырды

Мәдениет және ақпарат министрі мәжіліс кулуарында уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты пікір білдіріп, мұны астананы ауыстырумен салыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

сағат сток

Фото: pixabay.com

Министр Балаева журналистердің сауалына жауап беру кезінде кез келген шешім қабылданбас бұрын үлкен сараптау жұмыстары жүргізілетінін айтты. 

"Мен мемлекеттік қызметкер ретінде басқа мемлекеттік органның шешіміне қатысты пікір білдіре алмаймын. Екіншіден, қандай да бір шешім жайдан жай қабылдана салмайды. Бұған себептер болады, белгілі мақсат болады. Сондықтан бұл шешімге пікір білдіре алмаймын", – деді ол. 

Сонымен қатар мәдениет және ақпарат министрі елімізде бұған дейін де халық түрлі сұрақтарға қатысты наразылық білдірген дейді. 

"Өткенді алып қарасақ, астананы ауыстырғанда халық үзілді-кесілді қарсы болған, 90%-ы наразы болды десек болады. Ал қазір астанамызды жақсы көреміз, мақтан тұтамыз. Расымен, Тәуелсіз Қазақстанның символына айналды. Сондықтан әр уақытта шешімді өзгертіп, жүйесіз жұмыс істеудің қажеті жоқ. Мен де бұл мәселенің қызу талқыланып жатқанын көріп жүрмін. Мәселе бар, құзырлы орган бұған көңіл аударады деп ойлаймын", – деп түйіндеді Аида Балаева. 

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін шығыста қараңғы қаншалықты ерте түсетінін көрсеткен еді. 

Талқылау