Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылдан бастап доллар бағасы мен инфляция қалай өзгереді – Экономистер болжам жасады

Фото: Stan.kz

2026 жылы Қазақстандықтар салық пен валюта соққысына бетпе-бет келеді. Қаржы сарапшылары қосымша құн салығының (ҚҚС) өсімі, доллар мен рубль бағасының өзгеруі бағаны аспандатып, халықтың нақты табысын төмендетеді дейді. Сарапшылар Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қарапайым азаматтар тұрмыстық шығынның артуына, несиенің қымбаттауына дайын болу керек екенін айтты.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов  2026 жылдың басында теңгенің долларға қатысты нығаюы жалғасуы мүмкін екенін айтады. Бірақ бұл процесс біркелкі болмайды екен. Оның сөзінше, Жыл басында курс күшейгенімен, импорт көлемінің артуы, дивиденд төлемдері және бюджеттік шығыстар кейде кері серпіліс тудыруы мүмкін.

Расул Рысмамбетов теңге үшін 2026 жылдың басына үш болжамын ұсынды: 

  • Оң тұсы бар. Осы кезеңде мұнай бағасы жоғары, доллар тұрақты, Қазақстанда инфляция баяулап, доллардың теңгеге шаққандағы құны 480-495 болады.
  • Екінші кезеңде мұнай бағасы орташа, инфляция баяу төмендейді, базалық мөлшерлеме жоғары болады, яғни 500-530 теңге.
  • Үшіншіден, мұнай бағасы төмендеп, сыртқы тәуекелдер артады, инфляция үдеп, 540-580 теңгеге дейін өседі.

"Доллардың әлсіреуіне АҚШ қор индекстері мөлшерлемесінің төмендетуі әсер етеді. Сондықтан жылдың алғашқы төрт айында теңгенің курсы 500-530 теңге шегінде сақталуы мүмкін. Теңгеге әсер ететін факторларды екі моторлы қайыққа ұқсатамын. Бір жағынан АҚШ қор индекстерінің мөлшерлемесі долларды әлсіретеді, екінші жағынан коммуналдық тарифтердің өсуі инфляцияны арттырып, теңгені әлсіретеді. Мұнай бағасы барреліне 60-65 доллар деңгейінде сақталады деп болжанып отыр. Үкіметтің инфрақұрылым мен коммуналдық нысандарға шығыстары инфляцияны 12-13% дейін жеткізеді", – деп түсіндірді қаржы маманы Расул Рысмамбетов.

Расул Рысмамбетов доллардың курсы 2026 жылы 510-560 теңге диапазонында болуы мүмкін деген болжам жасады

Базалық мөлшерлеме төмендей ме?

Мақсат Халық 2025 жылы базалық пайыздық мөлшерлеме екі рет көтеріліп, 15,25%-дан 18%-ға жеткенін айтты. Бұл шешім инфляцияның өсуіне, ұлттық валютаның құнсыздануына және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға байланысты қабылданды. 

"Ақша-несие саясатын қатаңдату ішкі сұранысты шектеуге, бюджеттік ынталандыру мен тарифтік шешімдердің қосымша әсерін азайтуға бағытталды. Бір реттік инфляциялық факторлар мен фискалдық ынталандыру қысқарған жағдайда 2026 жылы базалық мөлшерлеме біртіндеп төмендеуі мүмкін, шамамен 16,5%-ға дейін. Бұл экономикадағы нақты пайыздық мөлшерлемені 5,6%-дан 4,8%-ға дейін төмендетеді. Осылайша, теңгедегі активтердің тартымдылығы мен ұлттық валютаның бағасына теріс әсер болуы ықтимал", – деді Мақсат Халық.

"Қосылған құн салығын, біз, халық, төлейміз!"

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бізді тағы бір салық соққысы күтіп тұр. Қосымша құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өсуі бағаның қымбаттауына тікелей әсер етіп, инфляцияны қайтадан ұлғайтады. Соңында бұл ауыртпалықты халық көтереді дейді Мақсат Халық. 

Айта кетейік, ҚҚС – тауар немесе қызметтің қосылған құнына салынатын салық. 

"Әр сатып алған тауарымызда, әр пайдаланған қызметімізге осы салық қосылады. 15 миллион теңгеден бастап міндетті тіркеу шегі 40 миллионға көтерілгенімен, қарапайым тұтынушыға бұл ешқандай жеңілдік бермейді. Баға қазірден өсіп жатыр. Ірі компаниялар салық көтерілген бойда өнім бағасын арттырады. Кейбіреулері тауарлардың бағасы тиісті 4 %-ға емес, 10%-дан да көп көтеріп үлгерді. Енді ол тағы өсе береді. Пайдадан айырылмау үшін олар осы қадамға мәжбүр. Нәтиже? Бағалар аспандап барады. ҚҚС тек тауарға емес, коммуналдық қызметке, медицинаға, мейрамхана мен қонақүй қызметтеріне де қатысады", – дейді Мақсат Халық.

Мақсат Халықтың сөзінше, қазіргі инфляция 13,5%-ға жетсе, келесі жылы ҚҚС 16%-ға дейін көтерілгенде баға тағы 5-6% өсіп, 18-20%-дан да асады. Бұл – халықтың қалтасына ауыр соққы болады. Қаржы сарапшысы салықты өсіру тиімді емес екенін, бірақ үкімет оны бюджет кірісін көбейту үшін жасап отырғанын айтады.

"Салық есебінен бюджетке көп қаржы түседі"

Қаржы сарапшысы Мақсат Халық салықты шамадан тыс арттыру кәсіпорындардың банкрот болуына немесе көлеңкеге кетуіне әкеліп, бюджет кірісін азайтуы мүмкін деп айтты.

"Үкімет өз кіріс жоспарын толық қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Қазір министр Серік Жұманғарин бюджет кірісін арттырамыз деп айтып жүр, және бұл мақсатқа уақытша болса да салық органдарының есебінен жетеді. 2026 жылы ол мақсаттарына жетеді. Қайтсеңде, қазірдің өзінде салық органдарына тапсырып келіп жатыр. Қайтсеңдерде сендер салық жинаңдар, кәсіпкерлер де салық жинаңдар деген тапсырма бар. Соның есебінен бірнеше триллиондар бюджетке түседі. Бірақ бұл уақытша ғана", – деп Мақсат Халық экономикалық өзгерістердің зардабын айтты.

"Халықтың табысы –2-ге азаяды"

Сарапшы Мақсат Халықтың пікірінше, бюджет шығыны 25 триллионға бекітілсе де, негізгі проблема кіріс бөлігінде. Үкімет экономикалық өсімді 6% деп көрсетіп отыр, бірақ бұл соңғы рет 2013 жылы тіркелген көрсеткіш. Ол өсу халықтың нақты табысы мен өмір сапасына әсер етпей жатқанын атап өтті. Мақсат Халық, қазір, керісінше, халықтың табысы -2-ге түсіп кеткен деп отыр. Осыдан-ақ керағарлық көріп отырмыз дейді сарапшы. 

"Сондықтан мұндай статистикамен ертең халықтың аузын толтырып, алдаудың қажеті жоқ. Әрине мұны халық та сезіп отыр. Сол себепті қазір халықтың да қазір көп жерде көңіл толмайтыны да айтылып қалады", – дейді ол.

“Доллар мен рубльдің бізге тиетін салқыны бар”

Сарапшы Мақсат Халықтың сөзінше, 2026 жылы болатын ең ірі экономикалық өзгерістердің біріне теңгенің құнсыздануына әкеп соғуына доллар мен рубльдің айтарлықтай үлесі бар екенін атап өтті.

Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Келесі жылы рубль мен доллар бағамының Қазақстан экономикасына ықтималы төмендегідей әсер етуі мүмкін:

  1. Доллардың қымбаттауы

АҚШ долларының бағасы өссе, импорт тауарлары қымбаттайды, бұл инфляцияны арттырып, тұрмыстық шығындардың көбеюіне әкеледі. Сонымен қатар, экспорттық кіріс азайып, шетелдік сатып алушылар үшін қазақстандық тауарлар қымбаттап кетуі мүмкін.

  1. Рубльдің құнсыздануы
"Ресейдің рублі де бар. Егер рубль құнсызданса, оның да бізге тиетін салқыны бар. Себебі соңында ресейлік рубль құнсызданса, ондағы тауарлар арзандап, біздің ішкі нарықтағы тауарларды ысырады. Сөйтіп отандық тауарларға айтарлықтай қаупін төндіріп, нарықта өтпей қалуына әкеп соғады", – дейді Мақсат Халық.

Яғни, Ресейден келетін импорттық тауарлардың бағасы төмендесе, отандық тауарлар нарықта бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуы мүмкін.

  1. Мұнай бағасының төмендеуі

"Бұдан бөлек мұнай бағасы да төмендесе, оның бізге зардабы тиетіні сөзсіз. Өйткені төлем балансы деген түсінік бар. Мұны импорт пен экспортың арасындағы қатынасы деп айта аламыз. Бізден экспорт ретінде шығып отырған мұнайдың бағасы төмендеп кетсе, тиісінше, импортымыз көбейіп кетеді”, – деп түсіндірді Мақсат Халық.

  1. Ішкі нарыққа қысым

Мақсат Халықтың пікірінше, доллар мен рубль бағамының өзгеруі отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, кейбір кәсіпорындардың тауарларын тиімді сата алмауына әкелуі мүмкін. 

"Кредит алушылар азаяды"

Жаңа кредиттер мен банк активтерінің өсу қарқыны бәсеңдеп жатыр. Нарықтағы өзгерістерге сәйкес, бизнес сұранысы орта және ірі кәсіпкерлікке ауысып, бөлшек саудада ұзақ мерзімді қамтамасыз етілген займдар басым болып отыр дейді сарапшы. 

"Бұл жоғары пайыздық мөлшерлемемен, қатаң реттеу және ақша ағымы тұрақты, тәуекелі аз секторларға ресурстардың қайта бөлінуіне байланысты. 2026 жылы нарықтық кредит берудің баяулауы ықтимал. Қымбат қаржы, қатаң реттеуші талаптар, салық жүктемесінің өсуі және төлем қабілетті сұраныстың төмендеуі банктердің жаңа займ беру мүмкіндігін және қарыз алушылардың кредит алу ынтасын шектеуге әсер етеді", – деді Мақсат Халық. 

"Жаңа тұрғын үйлерге сұраныс азайып, талап күшейеді"

Сарапшының пікірінше, қосымша құн салығының өсуі тұрғын үй бағасының бірден секіруіне әкелмейді. Алайда құрылыс материалдарының, логистиканың, қызметтердің қымбаттауы жаңа жобалардың өзіндік құнын арттырады. Соның салдарынан 2026 жылы бастапқы нарықта бағаның орта есеппен 8-10% өсуі мүмкін. Бұл өсім әсіресе Астана мен Алматыда айқынырақ байқалады.

Фото: evaevg.livejournal.com

Осы ретте Мақсат Халық 2026 жылы жаңа тұрғын үй жобаларының саны қысқарады деп болжайды. Себебі жоғары салық жүктемесі, қымбат несиелер және маржаның төмендеуі құрылыс компанияларын сақ қимылдауға мәжбүрлейді. Бұл жағдай ірі қалаларда қолжетімді комфорт-класс сегментінде тапшылық қаупін күшейтеді.

Сарапшының пірірінше, сатып алушылардың мінез-құлқы өзгереді. Нарықта тек нақты мүмкіндігі бар азаматтар қалады, ал олар бағаға ғана емес, құрылыс сапасына, локацияға және девелопердің сенімділігіне ерекше мән береді. Мемлекеттік бағдарламалар мен серіктестік ипотекалар сұранысты белгілі бір деңгейде ұстап тұрады, алайда олар нарықты толық жандандыра алмайды.

Жалдау нарығына келсек, әсіресе, қысқа мерзімді арендада бағаның айтарлықтай өседі деген болжам бар. Салықтық өзгерістер мен шығындардың артуы пәтер иелерін тарифтерді қайта қарауға итермелейді. Соның салдарынан 2026 жылдың басында тәуліктік жалдау құны орта есеппен 40-45% дейін қымбаттауы мүмкін.
Шағын және орта бизнес

Экономист: 500 мың теңгеден төмен жалақымен қазақстандықтар тек аман қалуға тырысады

Экономист Айдар Әлібаев 2026 жылға қатысты көңілсіз болжам жасады. Оның пікірінше, қазақстандықтарды қаржылық қиындықтар күтіп тұр, ал себеп – биліктің өз шығындарын қысқартқысы келмеуі.

Фото: versiya.info

"Ақылға қонымды тәсілмен және мемлекеттік аппаратты елеулі түрде қысқартып, оны жартылай қысқартуға болады, тиімділікті жоғалтпай, сондай-ақ квазимемлекеттік компанияларды және СПК-ларды жойса, бюджетке үнемдеу керемет болар еді. Біз ең төменгі жалақыны кем дегенде 200-220 мың теңгеге дейін көтере алар едік. Мұндай инфляция кезінде ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеде қалдыру қалай мүмкін? Бұл тіпті ештеңе емес. Тек мемлекеттік қызметшілер өздерінің сән-салтанатты өмірін, аппараттарын, кеңселерін, бонустарын және әлеуметтік пакеттерін қалдырғысы келмейді", – деді Айдар Әлібаев.

Айдар Әлібаев қазақстандықтар қандай табыспен осы тығырықтан шыға алатынын айтып берді.

"Бір адамға – кем дегенде 500 мың теңге. Егер отбасыда күйеу мен әйел жұмыс істеп, балалар болса, олар кем дегенде миллион теңге табуы керек. Сонда ғана салыстырмалы түрде адамша өмір сүруге болады. Батыс компанияларымен жасалған келісімдерді қайта қарасақ, олар ресурстардың 80-90% алады, Қазақстан Польша, Венгрия немесе Испания деңгейінде өмір сүре алар еді. Мен бұл сөзді Жаңа жыл алдында айтқым келмейді. Бірақ үкіметтің әрекеттерінде халық өмірін елеулі түрде жақсартуға мүмкіндік беретін қадамдар көріп тұрған жоқпын", – деді қаржы сарапшысы Айдар Әлібаев.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қаңтар, 2026 12:00