"Халық кептелісте тұр, хандар талтаңдап жүр": Алматыда тоқтаусыз жауған қардан көшелер жабылып, тұрғындар шағымданды
Бейсенбі күні түнгі сағат 22:30-дан бастап Алматыда қар жауып, әліге дейін жалғасып жатыр. Қала көшелерінде ұзын-сонар кептеліс болып, желіде тұрғындар шағымдарын білдіруде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, жұма күні сағат 07:00-дегі жағдай бойынша 10 см қар жауған. Басқарманың мәліметінше, түнгі уақытта 426 арнайы техника мен 278 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Түнде 3,8 мың текше метр қар шығарылғаны айтылады.
Оның үстіне көшелерде көлік кептелісінің көрсеткіші 10 баллдан асып кеткені туралы хабарлануда. Бұған дейін полиция 1-2 ақпанда Алматыда бірқатар маңызды көшелер ішінара жабылатынын хабарлаған. Бұл қалада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтуіне байланысты екені атап өтілген. Бүгін, 2 ақпанда – әл-Фараби, Сейфуллин даңғылдары, Саин, Жароков, Шаляпин көшелерінің кейбір бөліктері жабық.
Осы себепті автобустардың басым көпшілігі кептелісте қалып қойып, таңертеңгілік уақытта аялдамаларда көп адамдардың жиналғаны байқалған.
Кептелісте тұрғандарын айтқан әлеуметтік желі қолданушылары өз шағымдарын айтуда. Мысалы бір қолданушы, “таксидің бағасы 7 мың дегеннен ұялсаңдаршы” деп такси бағасының қымбаттағанын сынайды.
Тағы бір қолданушы “форум өткізуге қарсы емес” екенін, бірақ оны белгілі бір аумақта жасауды ұсынады. “Мысалы қонақтарды тауда орналастыруды ұсынамын” – деп әзілдейді ол.
- "Almaty" хостеліндегі өрт: Тергеуге қатысты жаңа деректері белгілі болды
- "Ұлтын мақтан тұтсын": Ресейден келген бапкерлердің қазақстандық төрешілерді "чукча" деп балағаттаған видео тарады
“Жұмыстан кешіктік”, “мына кептелістен шаршадым” деген қолданушылар “қар жаумай-ақ мұндай кептелістің күн сайын болатынын” да еске салады.
Енді бір пікір қалдырушы “халықтың кептелісте тұрғанына” тоқталып “хандар талтаңдап жүр” деген ренішін білдірген.
Сонымен қатар бүгінгі ауа-райынан позитив көргендер де бар. Мәселен, Мейірхан Амангелдиев деген желі қолданушы Алматыға көшіп келгеніне биыл 12 жыл болғанын атап өтіп, “бұған дейін бүгінгідей әдемі жауған қар көрмеппін” деп жазады.
Бауыржан Қарипов деген қолданушы “көшеде қар күреген техникадан гөрі бұрыш-бұрышта тұрған полицейлер көп” екеніне назар аударады.
Айта кетейік, бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты 5 өңірде жолдар жабылғанын айтқан болатынбыз.