"Халық бұл мәселені көтермейді": СҚО әкімі Петропавл атауын Қызылжар деп өзгерту күн тәртібінде жоғын мәлімдеді
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұғамбетов Петропавл атауын Қызылжар деп өзгертуге қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, әзірге аталған мәселе күн тәртібінде жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pkzsk.info
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында тілшіміз облыс орталығының атауын өзгерту жөнінде сұрап көрді.
"Әрине, халықпен кездесіп тұрамыз. Бірақ Петропавл қаласының атауын өзгерту күн тәртібінде жоқ. Қала тұрғындары бұл мәселені көтермейді. Себебі оларға қаланы абаттандыру мәселелері маңызды. Мысалы, облыс орталығында 400 шақырым жолдың 40 пайызында асфальт жабыны жоқ, мұны тұрғындардың өзі айтып жүр. Спорт алаңдарын жасау керек. Осындай мәселелерді шешу қажет", – дейді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, қала атауын өзгерту жөнінде қоғамдық тыңдау өткен.
"Қала әкімі де халықпен кездесу жүргізіп жатыр. Әлі де қоғамдық тыңдаулар болады. Алайда тұрғындармен кездескенде қала атын өзгертеміз деп ешкім айтпайды", – деп қосты Ғауез Нұрмұхамбетов.