Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы-2017» байқауына қатысу үшін Қытайға келді

«Қазақстан аруы-2016» атағын иеленген Гүлбану Әзімханова сұлулық байқауында бағын сынау үшін Қытайға келді. 19 жастағы қазақстандық ару тіркеуден өтіп, 18 қарашада Санья қаласында өтетін халықаралық сұлулық байқауына дайындықты бастап кеткен, – деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан аруы» байқауының дирекциясына сілтеме жасап.

Гүлбану әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылармен танысып та, өз елін таныстырып та үлгерген. Таяу күндерде «Әлем аруы-2016» атағын иеленген Пуэрто-Риколық Стефани дель Валлемен алғашқы кездесу өткен.

«Байқауға келгеніме көп уақыт болмаса да, мұндағы атмосфераға ерекше қайран қалдым. Қатысушылардың әрқайсысы – өзінше сұлу. Біз достасып үлгердік. Бір-бірімізді қолдап отырамыз. Байқаудың алғашқы күні өз елімізден әкелген сыйлықтарымызбен бөлістік. Маған қолдау білдірген отандастарыма алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңыз маған ерекше күш-қуат, сенім береді», – дейді Гүлбану Әзімханова.

Қазіргі уақытта байқауға қатысушылар қызу дайындық үстінде, бірақ жақын күндері әр түрлі кезеңдер басталады. Олардың қатарында спорттық, әлеуметтік және мәдени шаралар бар.

Байқау кезеңдерінің бірінде Гүлбану Әзімханова Арал теңізі мәселелерінің шешімі жөнінде экологиялық жобаны таныстырады.

Биылғы жылы «Әлем аруын» ұйымдастырушылар байқаудың форматын өзгертуді ұйғарған. Алдағы байқау Head-to-Head Challenge форматында өтеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, әлеуметтік желілер мен интербелсенділікке баса назар аударылатын болады. Байқаудың финалына  тек 40 қатысушы өте алады. Олар түрлі шаралар мен дауыс беру нәтижелері бойынша іріктеп алынады.

Десе де «Әлем аруы» байқауының басты міндеті Beauty with a Purpose («Мақсатқа апаратын сұлулық») қайырымдылық жобасы өзгеріссіз қалады. Байқаудың әр жеңімпазы бір жыл бойы ерікті елші ретінде әр түрлі елдерде болады. Variety International халықаралық қайырымдылық қорына қаражат жинау мақсатында қайырымдылық шараларына қатысады. Variety International 1928 жылдан бері мүгедек және бақытсыздыққа ұшыраған балаларға көмектесіп келеді.

Талқылау