"Гүріл мен тарс еткен дауыс естілді": Ақтөбеде аспандағы әскери ұшақ тұрғындарды шошытты (видео)
Фото: Видеодан скрин
Ақтөбеде аспанда ұшып, қатты дауыс шығарған әскери ұшақ тұрғындарды шошытты. Жұртшылық ұшақты қона алмай жүр деп ойлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 15 шілде күні таңертеңгі 9 шамасында болған. Қала тұрғындарын аспандағы ұшақтың гүрілі шошытқан.
“Таңертеңнен бері әуежай жақтан ұшақтың гүрілі мен тарс еткен дауысы естілді. Бірақ не ұшып өткенін көрмедік. Бұл қона алмай, қайта айналған ұшақ па екен?”, “Бұл не болды өзі? Біз 8-шағынауданда тұрамыз, қатты гүрілден шошып кеттік. Терезеден қарасам – бір ұшақ өтіп бара жатыр. Әдеттегі жолаушы ұшағына ұқсамайды. Балаларым шошып оянып кетті. Ауладағы көліктердің сигнализациясы қосылып кетті. Құрбым да хабарласып, не болғанын сұрады. Ол Жилгородта тұрады. Қатты үрейленіп қалдық”, – деді қала тұрғындары.
Облыс әкімдігі жағдайға түсініктеме беріп, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды. Бүгін өңірден "Айбын-2025" халықаралық әскери-патриоттық жиынына қатысқан СУ-30 әскери жойғыш ұшағы өз авиабазасына қайтқан.
"Айбын-2025" халықаралық әскери-патриоттық жиыны аясында біздің өңірге СУ-30 жойғыш ұшағы келген болатын. Бүгін ол өз авиабазасына ұшты. Сонымен қатар, 10-18 шілде аралығында Ақтөбе облысында "Бекет-2025" жыл сайынғы ведомствоаралық оқу-жаттығулары өтіп жатыр. Оқу-жаттығу барысында оқу дабылы бойынша күштерді көтеру, әскери және арнайы техникалар колонналарының қозғалысы, түрлі қызметтердің бірлескен іс-қимылдарын пысықтау қарастырылған.
Әскери техникалардың пайда болуы мен көлік қозғалысына уақытша шектеулер – жоспарлы шаралардың бір бөлігі. Барлық әрекеттер оқу-жаттығу шеңберінде жүргізілуде және халық үшін ешқандай қауіп төндірмейді. Тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз”, — делінген хабарламада.