"Гүлдерді жұлып, аққуларға тиісіп, балықтарды таяқпен ұрған": Алматылықтар Ботаникалық бақтағы тәртіпсіздікке шағымданды

Алматыдағы Ботаникалық бақта келушілер өсімдіктерді жұлып, аққуларды мазалап, табиғатты бүлдірген. Әлеуметтік желіде тараған көріністер желі қолданушыларының ашуын туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
12 сәуірде Алматыдағы ботаникалық баққа келушілер саны артты. Қолайлы ауа райына байланысты тұрғындар серуендеп, магнолиялармен суретке түсуге жиналған. Алайда бәрі тек фотосессиямен шектелмеген. Әлеуметтік желі қолданушылары келушілердің әрекетіне жаппай шағымданып жатыр.
Оқырманның айтуынша, кейбір адамдар табиғатты бүлдіріп, орынсыз әрекеттерге барған. Тіпті сирек гүлдейтін магнолияларды жұлған, газондарды таптаған. Одан қалды, қоршаулар мен күзетшілердің ескертуіне қарамастан аққуларға жақындаған, тіпті балықтарды таяқпен ұрған.
"Адам көп болғаны қалыпты, бірақ аққуларға дейін кіріп, оларды тоғаннан ығыстыру қалыпты нәрсе емес. Оның үстіне тек балалар емес, ересектер де қоршаудан асып, видео түсіріп, суретке түсуге тырысады. Бақтың барлық жерінде магнолия гүлдеп тұр, бірақ адамдар жаңа ашылған гүлдерді жұлып, букет жасап жүр. Ең өкініштісі, мұны да ересектер істейді, ескертулерге мүлде мән бермейді. Бір күні табиғатты да, жануарларды да қадірлейтін болармыз..." – деді оқырмандардың бірі.
Фото: Оқырманның жазбасынан скрин
Тағы бір қолданушы магнолия гүлдерін адамдардың жұлып, тіпті букет жасап алып кеткенін сынға алды. Ең өкініштісі, мұндай әрекеттерді ересектердің өзі жасап, ескертулерге мүлде құлақ аспайтынын атап өткен.
Келесі алматылық "мұндай жағдайды көру мүмкін емес" екенін айтып, қала тұрғындарының өздері сүйікті демалыс орындарына барудан қалғанын жеткізді. Басқа пікір иелері ботаникалық бақта бақылау әлсіз екенін айтып, полиция мен айыппұл енгізуді ұсынды.
Кейбірі мәселені шешу үшін кіру бағасын көтеру немесе қоршауларды күшейту керек десе, енді бірі аққулардың қауіпсіздігі үшін қосымша бақылау орнатуды сұраған. Желі қолданушыларының пікірінше, табиғатты құрметтеу мәдениеті әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Желіде тараған сын-пікірлерге қатысты Алматыдағы ботаникалық бақтың ресми өкілдері түсініктеме берді. Олардың айтуынша, келушілер санының артуына байланысты кейбір тәртіп бұзушылықтар шынымен тіркелген.
"Жоғары маусымда ботаникалық бақта келушілер саны айтарлықтай көбейеді. Көпшілік қонақ ережені сақтайды, алайда жекелеген жағдайларда тәртіпке сай келмейтін әрекеттер де кездеседі. Мұндай фактілер, әсіресе адам көп жиналған күндері тіркеледі", – деп жауап берді бақтың ресми өкілі.
Сондай-ақ әкімшілік қауіпсіздікті күшейту бағытында бірқатар шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
"Қазір тоған маңына қоршау орнату мәселесі қарастырылып жатыр. Күзет қызметі күшейтілді, қызметкерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізуде және ақпараттық белгілер саны арттырылуда. Келушілер ережені сақтамаған жағдайда полиция шақырылады, алайда көбіне ескерту жасалғаннан кейін талаптар орындалады. Тек келуші ережелерді сақтаудан бас тартқан жағдайда ғана полиция шақырылады. Алайда мұндай жағдайлар тіркелмеген. Әдетте ескерту жасалғаннан кейін келушілер күзет қызметінің талаптарын орындайды", – делінген бақтың жауабында.
"Азық-түлік пен медицина қолжетімді": Иранда тұратын қазақ қандастар Отанға оралғысы келмейтінін айтты