ЛГБТ насихаты туралы заң: Грузияда танымал трансгендердің өлтірілуі наразылық тудырды
Грузияда трансгендер әйел Кесария Абрамидзені өлтірді деп айыпталған күдікті ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: bbc.com
37 жастағы модель және Грузиядағы ең танымал трансгендерлердің бірі 18 қыркүйекте Тбилисидегі пәтерінде өлі күйінде табылған.
Полиция жедел іздестіру шарасында кісі өлтірді деген күдікпен 26 жастағы ер адамды ұстады. Тергеушілердің мәліметінше, ұсталған азамат Абрамидземен жанжалдасып, бірнеше рет пышақ жарақатын салған, содан кейін қылмыс орнынан бой тасалаған.
Абрамидзе алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, айғақ ретінде қылмыс жасалған қару – пышақ тәркіленген.
Полиция ұсталған адамды аты-жөнінің бас әріптерімен Б.Дж деп атағанымен, көптеген грузиялық және шетелдік басылымдар оның толық аты-жөнін жариялап, күдіктінің Тбилиси барларының бірінде күзетші болып жұмыс істейтінін хабарлады.
Грузин телеарналары Абрамидзенің кіре берісіндегі камераларға түсірілген кадрларды таратты, видеодан ұсталған ер адамның лифт күтіп, біраз уақыттан кейін баспалдақпен төмен қарай жүгіргенін көруге болады.
Көптеген телешоуларға қатысқан және өзінің жыныстық ерекшелігін жасырмаған Абрамидзенің өлтірілуі Грузияда наразылық тудырды.
Қанды қылмыс биліктегі "Грузин арманы" партиясының "ЛГБТ насихатымен күресу" және отбасылық құндылықтарды қорғау ұранымен жүргізген сайлау науқаны аясында және парламенттің ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын шектейтін заңнаманы қабылдағанынан кейін бір күн өткен соң орын алған.
Бейсенбі күні кешке Тбилисидегі парламент ғимаратының алдында Абрамидзені еске алуға арналған үнсіз акция өтті. Абрамидзенің суретінің қасына адамдар гүл шоқтарын әкеліп, шырақ жағып қойды. Белсенділер парламент қабылдаған заңнамаға наразылық білдірген плакаттарын ашты.
"Қабылданған бұл заң зорлаушыларды. Грузияда біз көріп отырған нәрсе ресейлік фашизмнің мысалы, өйткені бұны Путин Ресейде заңдастырды. Осының салдарынан Ресейдегі жыныстық ерекшелігі бар адамдар соңғы онжылдықта зорлық-зомбылыққа ұшырап, елден қашып жүр", – деді Tbilisi Pride қозғалысының басшысы Тамар Джакели.
Еске салсақ, бұған дейін Грузия парламентінің ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын мақұлдағаны туралы жазған едік.