Гренландия билігі Трамптың аралды сатып алу туралы ұсынысына жауап берді
Гренландияның премьер-министрі Муте Боруп Эгеде АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың Дания Корольдігінің құрамындағы аралды сатып алу туралы ұсынысына пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
"Біз сатылмаймыз және сатылмайды. Бостандық үшін ұзақ күресімізді жоғалтпауымыз керек", – деп мәлімдеді премьер-министр.
Премьер-министрдің түрік агенттігіне жазбаша жауабында Гренландия өз ұстанымын айқын білдірген. Сонымен қатар Эгеде Гренландияның әлем елдерімен, әсіресе, көршілес мемлекеттермен ынтымақтастық пен сауда үшін әрдайым ашық екенін атап өтті.
23 желтоқсанда Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі аккаунтында: "АҚШ үшін Гренландияға ие болу ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бүкіл әлемде еркіндікті сақтау үшін қажет", – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Гренландия – әлемдегі ең ірі арал және Арктика аймағындағы стратегиялық маңызды орынға ие. Климат дағдарысының салдарынан мұздықтардың еруі мен жаңа сауда жолдарының ашылуына байланысты бұл аймақтың маңызы артып келеді. Сонымен қатар Гренландия жер қойнауының бай қорларымен танымал.
Арктика аймағы ұзақ жылдар бойы АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы ықпал үшін күрестің алаңы болды.
Трамптың мәлімдемесі АҚШ-тың Арктикадағы ықпалын күшейтуге және Ресейдің әскери экспансиясы мен Қытайдың өсіп келе жатқан қатысуына қарсы тұру мақсатымен байланысты. 2020 жылы АҚШ Гренландия астанасы Нуукта өз консулдығын қайта ашу туралы шешім қабылдады. Бұл қадамды ол аралмен тікелей байланыс орнату, жаңартылатын энергия көзі мен минералдық ресурстарға қатысты жобаларда ынтымақтастықты дамытуға бағытталған деп бағалады.
- Канада Трамптың қоқан-лоқыларына жауап ретінде АҚШ-тағы электр қуатын өшіретінін айтты
- Трамп Канаданы АҚШ-тың 51-штаты болуға тағы да шақырды
2019 жылы Дональд Трамп президент кезінде Данияға Гренландияны сатып алу туралы ұсыныс жасаған еді. Алайда сол кезде Копенгаген бұл ұсынысты қатаң түрде қабылдамай, Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен оны "шеттен шығу" деп атады. Аумағы екі миллион шаршы километрден асатын Гренландия 1721 жылы даттардың отарлауынан кейін Дания-Норвегия Корольдігінің колониясына айналды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гренландия АҚШ-тың протекторатын қабылдады. Бірақ соғыс аяқталған соң 1945 жылы арал Данияға қайтарылды. 1946 жылы АҚШ президенті Гарри Трумэн аралдың геосаяси және стратегиялық маңызына байланысты оны 100 миллион доллар алтынмен сатып алуды ұсынды. Алайда Дания бұл ұсыныстан бас тартқанымен, АҚШ-қа аралда әскери қатысуын сақтауға рұқсат берді.
1979 жылы Дания Гренландияға өзін өзі басқару құқығын берді. Бірақ халықаралық қатынастар, қорғаныс, валюта және аралдың құқықтық жүйесі сияқты бірқатар салаларда бақылауды өз қолында сақтап қалды.
Еске салайық, бұған дейін Трамп әзілмен Канада елу бірінші штатқа айналуы мүмкін, ал премьер-министр Джастин Трюдо оның губернаторы бола алады деп мәлімдеген еді. Сондай-ақ сайланған президент Оттава АҚШ-қа келетін мигранттар мен есірткі ағымын азайтпаса, канадалық тауарларға 25 пайыз баж салығын енгізуге уәде берген.