Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Грантын өтемеген қазақстандық оқуына жұмсалған 1,7 миллион теңгені қайтаруға міндеттелді

Фото: depositphotos.com

Жамбыл облысының Талас аудандық сотында Астана қалалық білім басқармасының оқу шығындарын өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот мәліметінше, 2018 жылы білім басқармасы, университет және жауапкер арасында жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру қызметтерін көрсету туралы үшжақты шарт жасалған. 

Грантта оқыған студент оқуды аяқтағаннан кейін жергілікті атқарушы органның жолдамасы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуге, ал бұл талапты орындамаған жағдайда оқу шығындарын өтеуге міндетті болған. 

Жауапкер 2021-2025 жылдар аралығында "География" мамандығы бойынша білім алып, жоғары білім туралы диплом алған. Алайда, уәкілетті органның жолдамасы бойынша жұмысқа орналасу бойынша міндеттемені орындамаған. 

“Оқу орнының мәліметтеріне сәйкес жауапкерді оқытуға 4,6 миллион теңге бөлінген, оның 1,7 миллион теңгесі – оқу құны, ал 2,8 миллион теңгесі – төленген шәкірақы сомасы. Талап қоюшы шәкірақыны қоспай, тек оқу шығындарын өндіріп алуды сұрады”, – делінген сот хабарламасында.

Сотта жауапкер қарызын мойындап, оны кезең-кезеңімен өтеуге мүмкіндік беруді сұраған. 

Сот жауапкерден білім басқармасының пайдасына 1,7 миллион теңге, сондай-ақ мемлекет кірісіне мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарды.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 22:32