Грант ала алмаған талапкерлерге қосымша 10 мың грант бөлінеді: Министрлік ақпаратты жоққа шығарды
Ғылым және жоғары білім министрлігі грант ала алмаған талапкерлерге қосымша 10 мың грант бөлінеді деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: facebook.com/sayasat
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та биылғы түлектерге қосымша 10 мың грант бөлінгені туралы ақпарат тараған еді. Ақпаратқа қатысты ғылым және жоғары білім министрлігі пікір білдірді.
“Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми мәлімдейміз. Бұл жаңалық министрдің 6 тамыздағы сөзіне негізделген. Яғни ол кезде әкімдердің, жоғары оқу орындарының, жеке қорлардың гранттары арқылы грант иегерлерінің тізіміне енбеген талапкерлерге қосымша тегін білім алу мүмкіндігін беру туралы ақпарат айтылған", – делінген министрлік хабарламасында.
Қазір осы 10 мың гранттың 2,5 мыңнан астамы әкімдердің, тағы мыңнан астамы жоғары оқу орындарының атынан талапкерлерге берілген. Қалған гранттарды "Қазақстан халқына" қоры, сондай-ақ жеке компаниялар қарау үстінде.
Министрлік 25 тамыздан кейін босатылған гранттардың саны белгілі болатынын атап өтті. Бұл гранттар да талапкерлер арасында бөлінеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ҰБТ-да 100-ден жоғары балл жинаса да, грантқа түсе алмағандарға қосымша 10 мың грант бөлінетіні туралы жазған едік.