"Ғимарат қирап, адамдар үйінді астында қалды": Ресей Украинаның Полтава қаласына соққы жасап, 41 адам қаза тапты
Ресейдің Украинаның Полтава қаласына жасаған соққысы салдарынан 41 адам қаза тауып, 180-нен астамы жараланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: UKRAINIAN MILITANT
Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, қалада білім беру мекемесі мен ауруханаға баллистикалық зымырандармен шабуыл жасалған. Шабуыл 3 қыркүйек күні таңертең болған.
"Байланыс институтының бір ғимараты жартылай қирап қалды. Адамдар үйінділер астында қалды. Көбі аман қалды. 180-нен астам адам жарақат алды. Өкінішке қарай, көбі қайтыс болды. Қазір 41 адам қайтыс болғаны белгілі. Барлық отбасы мен жақындарына көңіл айтамын", – деді Зеленский.
Оның айтуынша, құтқару жұмыстарына барлық жедел қызмет жұмылған.
"Соққыдан кейінгі алғашқы минуттардан бастап адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектескендерге алғыс айтамын", – деді Зеленский.
Украина билігінің мәліметінше, Ресей Украина қарулы күштерінің Полтавадағы оқу орталығына екі баллистикалық зымыран тастаған.
"Бүгін Полтава қорқынышты күнді бастан кешіріп жатыр. Ресейлік агрессор қаладағы оқу орындарының біріне асқан қатігездікпен шабуыл жасады", – делінген Украина қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, әуе шабуылы туралы ескерту жарияланған. Дегенмен дабыл мен шабуылдың арасы тым қысқа болған.
"Адамдарды бомба қоймасына эвакуациялау кезінде соққы жасалды. Институт ғимаратының бірі жартылай қирап, үйінділер астында көптеген адамдар қалды", – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі зардап шеккен аймақтың жанында тұрғын үй алаңы бар екенін хабарлады. Соққы толқынының әсерінен көпқабатты үйлердің әйнектері сынып, қасбеттері бүлінген.
Жергілікті қоғамдық желі парақшалары, адамдарды зардап шеккендерге қан тапсыру үшін ауруханаларға баруға шақырады.
179-дабыл корпусының оқу орталығы таратылған "Полтава жоғары әскери командалық сигналдар мектебінің" аумағында орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін 26 тамыз күні таңертең Ресей дрондар мен әртүрлі зымырандарды пайдаланып, Украинаға жаппай шабуыл жасаған еді.