Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі аптадан бері балалар үйде отыр": Алматыда ерекше балаларға арналған мектеп жабылып, ата-аналар шу көтерді

Фото: Желі кадрларынан

Алматыда 245 ерекше қажеттілігі бар бала тегін мектепсіз қалды. Балалардың ата-аналары қиын жағдайда қалғандарын айтып, әкімдікке наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ата-аналардың күйініп наразы болған видеосі желіде тарады. Онда 245 ерекше қажеттілігі бар балаларды оқытатын тегін мектептің жабылып қалғаны айтылған.

“Мектеп десек сөмкесіне жүгіреді. Енді бұл балаларға мектептері жабылып қалғанын, ол жаққа бара алмайтынын қалай түсіндіреміз? Осыны ойласам жүрегім қан жылайды. Екі аптадан бері балалар үйде отыр. Олардың не кінәсі бар? Күнде таңертең мектепке барамын деп жылайды. 

Неге ешкім түсінбейді, бұған дейін балаларға білім беру үшін ұстаздары қанша еңбек етті. Ал қазір екі апта өтті. Балалар бәрін ұмытып қалатын болды. Оның үстіне көңіл-күйлері де түсіп кеткен, күнде жылайды. Бір күн мектепке бармаудың өзі балаларға ауыр тиюде. Әлде олар ерекше қажеттілігі бар балалар болғасын ба? Иә олар басқалар сияқты емес. Онсыз да оларды қоғам қабылдай бермейді. Енді міне, мектептерін де жауып тастады”, – деп күйінді ата-аналар. 

Желі жұртшылығы да ата-аналарды қолдап Алматы әкімдігінен тездетіп мәселені шешуді талап етті. 

“Бейшара балалар! Онсыз да оларды шеттетіп жатады, енді қолындағы жалғыз мүмкіндігін де тартып алмақ па?”, “Кәдімгі мектептерде ерекше балаларды әрдайым құшақ жая қарсы алмайды. Ерекше балаларға арналған мектеп бар еді ғой – оны жабудың орнына қолдап, кеңейту керек емес пе? Жыл сайын ерекше балалар көбейіп келеді. Оларды қоғамға бейімдеу өте маңызды”, “Адамдарды қашанға дейін шеттете береміз? Әлде әлеуметтік жағынан осал отбасылар осындай көзқарасқа төзе беруі керек пе?”, – деп жазды тұрғындар.



 Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Алматы әкімдігінен мектептің не үшін жабылғанын сұрады. Әкімдік бұл мектептің бұған дейін мемлекет тарапынан қаржыландырылып келгенін алға тартты. 

""Педагог академиясы" жекеменшік мектебі мемлекеттік тапсырыс алу үшін ғимараты заң талаптарына сай болуы керек. Алайда тексеру барысында мектептің жеке тұрғын үйде жұмыс істеп отырғаны анықталды. Тұрғын үй білім беру мекемесі ретінде рәсімделмегендіктен, бұл заң талаптарына сәйкес келмейді.

Нұрғалиев Н.У. (мекеме басшысы) 2025 жылы жердің құжатын "үй салу" санатынан "мектеп ашу" санатына ауыстыруға өтініш берген. Бірақ құжаттары дұрыс болмағандықтан, оған бас тартылған. 2026 жылы ол қайта өтініш тапсырды. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Әзірге жер телімі ресми түрде тұрғын үй болып тіркелген. Құжат өзгермейінше, бұл мектепке мемлекет қаржы бөле алмайды. Бұл заңға қайшы”, – деп түсіндірді ведомство.

Әкімдік балаларды назардан тыс қалдырмайтынын және олардың білім алу жөніндегі конституциялық құқығын қамтамасыз ететінін алға тартты. 

“Оқушылар өздері тұратын ауданындағы мемлекеттік мектептерге ауыстырылады. Көшу кезінде балалардың оқуына зиян келмес үшін барлық жағдай жасалады. Қазір қаладағы 216 мектепте инклюзивті білім беру бар. Сонымен қатар, ерекше балаларға арналған 8 арнайы мектеп жұмыс істейді. Мемлекеттік мектептерде мұндай балаларды оқытуға қажетті мүмкіндік бар. Егер мектеп ғимараты мен құжаттары заң талаптарына сай рәсімделсе, ол қайтадан мемлекеттік қаржыландыру конкурсына қатыса алады”, – деп қорытты әкімдік. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 16:41