Ғылым министрі гранттарды бөлу кезіндегі миллиардтаған заңбұзушылықтарға қатысты пікір білдірді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек гранттарды қаржыландыру кезінде анықталған заңбұзушылықтарға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары салада 15 ауқымды тексеру жүргізілген. Оның шамамен бесеуін Жоғары аудиторлық палата жүзеге асырған.
Жалпы заңбұзушылықтар көлемі ондаған миллиард теңгемен бағаланған.
“Қаржы заңбұзушылықтары – 1,7 миллиард теңге. Оның ішінде 1,2 миллиард теңге өтелуі тиіс санатта. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қалған жағдайлар бойынша процедуралық бұзушылықтар, Ғылым қорының және Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының қызметіне қатысты кешенді іс-шаралар жоспары дайындалды. Әрбір жүйелі мәселе бойынша жеке заңнамалық шешімдер қабылданып жатыр”, – деді министр.
Сонымен қатар ол Бас прокуратура жариялаған 79 миллиард және 189 миллиард теңге көлеміндегі деректерге де тоқталды. Министрдің айтуынша, бұл сандар процедуралық бұзушылықтар анықталған жобалардың жалпы қаржысын қамтиды. Демек бұл тікелей шығын немесе қылмыс белгілері міндетті түрде бар дегенді білдірмейді.
“Бас прокуратура Үкіметке ұсынған мәліметте 79 миллиард теңге көрсетілген. Сонымен қатар 189 миллиард теңгеге қатысты бөлек ұсыныс бар. Қазір әрбір дерек бойынша нақты жауап әзірлеп жатырмыз. Ал нақты өтелуі тиіс қаржылық заңбұзушылықтар көлемі – 1,7 млиллиард теңге. Сондықтан бұл екі түрлі санат”, – деді министр.
Министрдің сөзінше, жүйелі мәселелерді жою жұмыстары жалғасып жатыр, тиісті өзгерістер парламентке енгізілген.