Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Германияда ер адам полицияға оқ атқызу үшін адамдарды кепілге алған

Германияда полиция оқ атсын деп алты адамды әдейі кепілге алған ер адамның соты басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bild Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото:Bild

26 ​​қаңтарда Стефано Германияның Ульм қаласындағы Starbucks кофеханасына қарумен кіріп, ондағы тұтынушыларды кепілге алған. Қазір Баден-Вюртемберг штатындағы Ульм аудандық сотында оның ісі қаралып жатыр.

Стефано Glock 19 тапаншасы мен Heckler & Koch 416 автоматына ұқсайтын екі қаруды алып жүрген. Ол адамдарды кепілге алмас бұрын ерлі-зайыптыға "Кетіңіз де, полиция шақырыңыз" деп айтыпты. 

Содан кейін ол  алты адамды кепілге алған. Кепілге алынғандар арасында 13 және 14 жастағы екі қыз болыпты.

Ақырында сотталушы кепілге алынған алты адамның бесеуін босатты, соңғысын Ульм соборына бағыттады. Осы кезде полицейлер оқ жаудырып, Стефаноның білегі мен жақ сүйегіне тиген.

Сот отырысының басында сотталушының адвокаты Торстен Сторп өзінің қорғауындағы тарап тағылған айыптарды толығымен мойындайтынын айтты.

"Ол кепілге алған адамдарынан кешірім сұрағысы келеді. Өзгелерді ренжіту оның ниетінде болған емес", – деді адвокат.

Сөзінше, ол өзіне қол салу ниетімен адамдарды кепілге алған. Яғни полицейлерді оған оқ атуға итермелегісі келген.  

Стефано Ауғанстанда Кундуз қаласына жақын жерде сарбаз болып қызмет еткен. Онда бір адамның басынан оқ атқанын көрген. Сөзінше, сол жағдайдан кейін күйзеліске түсті. Сондықтан айыптаушы тарап сотталушыны психиатриялық стационарға жатқызу керегін алға тартып отыр.

Оның ісі бойынша үкім 10 қазанда шығарылады.

Талқылау