Ресейліктердің келуі Қазақстан экономикасына өсім әкелетіні болжанды
Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Ресейдің білікті жұмыс күші мен капиталдың келуі, сондай-ақ бірқатар компаниялардың көшуі Орта Азия елдерінің экономикасына оң әсерін беретінін болжады. Тіпті биылдың өзінде бұл көрсеткіш 5,2 пайызды құрамақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еуропалық банк есебіне сүйенсек Қазақстан мен Қырғызстанның, Моңғолия мен Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан елдерінің экономикасы көтеріледі. Бұған Украинаның Ресеймен соғысы әсер етуі мүмкін. Яғни ресейлік білікті жұмыс күші мен бірқатар компаниялардың көшуі Орта Азия мемлекеттері капиталын толықтырады.
Сонымен қатар экономикалық өсімге бұл фактордан бөлек мемлекеттік басқарудың жақсаруы, экспорттың өсуі және Қытай шекарасының сауда-саттық үшін ашылуы да оң ықпалын тигізеді.
Соның аясында Қазақстанның экономикасы 2023 жылдың өзінде 3,9 пайызға өсуі мүмкін. Ал келер жылы 4,2 пайызға көтеріледі.
Еуропалық банк экономикалық үдеріс 2024 жылы да жалғасатынын болжаған. Келер жылы өсім одан әрі 5,4 пайызға артпақ.
Аймақтың көптеген елдері делдал ретінде әрекет етіп, өз өнімдерін халықаралық фирмалардың Ресей нарығынан кетуі нәтижесінде пайда болған вакуумға жеткізу арқылы Ресеймен сауда ынтымақтастығын нығайтты. Шетелден Орта Азияға ақша аударымдарының көлемі едәуір өсті. Бұл банктік депозиттер мен кірістердің артуына әкелді. Ресейлік фирмалар мен жеке тұлғалардың миграциясы бөлшек сауда, жылжымайтын мүлік және қонақ үй секторларына сұранысты арттырды.
Әсіресе Қазақстан экономикасы шетелдік фирмалардың орын ауыстыруынан, ірі әлемдік ойыншылардың Ресейден кетуіне байланысты жаңа қызмет түрлеріне инвестициялардан және мұнайдың транзиттік бағыттарын әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-әрекеттері нәтижесінен жақсы кіріске кенелуде. Елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға, нарыққа кірудегі кедергілерді азайтуға және экономикадағы саяси маңызы бар адамдардың ықпалын азайтуға бағытталған жоспарланған реформалар тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға және орта мерзімді перспективада шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етуі мүмкін.

Түнгі ауысымдағы жұмыс: Қызметкерлерге еңбекақы қалай төленуі керек және қандай құқықтары бар
