Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ғажап жаратылыс”: Алматыда фотограф қар барысын жақыннан түсіріп алды

Алматылық фотограф қар барысын түсіріп алдыФото: Видеодан скриншот

Танымал қазақстандық фотограф Дмитрий Доценко Алматы маңындағы тауларда қар барысын түсіріп үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фотограф әлеуметтік желідегі парақшасында қар барысын жақыннан түсірген кадрларын бөлісті.

Ол қар барысын көру арманы болғанын, ал бүгін оны көріп қана қоймай, жақын қашықтықтан түсіру бақыты бұйырғанын жазды.

“Бұл – Алматының символы әрі таудың иесі. Барыс маралды ұстап алып, жартастан құлатып, асықпай қоректенді. Кейін олжасын күзетіп тұрды. Дәл сол сәтте мен осы бірегей кадрларды түсіріп үлгердім! Алматы – ерекше қала: көлікпен 15 минутта тауға жетіп, қар барысының маралмен қоректеніп жатқанын көре аласың!” – деп жазды ол.

Ол видеоны жариялаған сәтте ерекше сезімде отырғанын жасырмады. Сондай-ақ кейінірек тағы да фотоларды жариялайтынын айтты. 

Қазақстандықтар фотографтың бұл видеосына ерекше баға берді. Олар қар барысын көру әрі оны түсіріп үлгеру қиын екенін жазған.

“Барыс түсіру деген арман ғой”, “Мықты”, “Керемет”, “Ғажап жаратылыс”, “Қандай сұлу. Мұндай ғажайыпты көрудің өзі бір бақыт”, , – деп пікір қалдырған олар.

Айта кетейік, қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұл жыртқышты табиғи ортада көру өте қиын, ол биік тауларды мекендейді әрі аса сақ, жасырын тіршілік етеді. Ілбіс Қазақстанның тоғыз ерекше қорғалатын табиғи аумағында, соның ішінде ұлттық парктер мен қорықтарда кездеседі. 

Соңғы деректер бойынша, елдегі қорықтарда шамамен 189 қар барысы мекендейді.

Еске салайық, бұған дейін қар барысы өзімен суретке түскісі келген әйелге шабуыл жасап, бетін жарақаттағаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 14:19