Газада аштықтан қаза тапқандар саны 175 адамға жетті
Фото: aa.com.tr
Израильдің қоршауындағы Газа секторында соңғы 24 сағат ішінде аштықтан тағы алты палестиналық қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Газа денсаулық сақтау министрлігінің бас директоры Мунир әл-Бурштың мәліметінше, аштықтан көз жұмғандардың 93-і балалар.
Израильдің соққылары мен қатаң қоршауында қалған Газа секторы гуманитарлық апат жағдайында: азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, медициналық және гигиеналық құралдар қатты жетіспейді.
Әсіресе аштықтан қайтыс болған балалар саны күн санап артып жатыр.
Жергілікті және халықаралық дереккөздер Израильдің аштық пен шөлді "қару" ретінде қолданып отырғанын атап өтеді.
Израиль әскері анклавтағы азаматтық инфрақұрылымның 88 пайызын қиратқан және палестиналықтар уақытша бас сауғалап отырған аймақтарға соққы беруді жалғастырып жатыр.
Секторда тұратын 2,3 миллион халықтың шамамен 2 миллионы израильдік шабуылдар мен эвакуация бұйрықтарының салдарынан бірнеше рет көшуге мәжбүр болды. Көпшілігі өз қолымен тіккен шатырларда не мектептердің толып кеткен ғимараттарында өмір сүріп жатыр. Онда санитарлық жағдай жоқ, дәретханалар жетіспейді, жұқпалы аурулар тез таралып жатыр.
Сонымен қатар, Израиль әскері уақытша баспанаға айналған шатырлы лагерьлер мен өзге де азаматтық нысандарға шабуыл жасауды жалғастыруда.
2023 жылғы 7 қазаннан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан кемінде 60 430 палестиналық қаза тауып, 148 722 адам жараланған.
Израиль атысты тоқтатуға келіспесе, Ұлыбритания да Палестина мемлекетін мойындамақ
Батыстың 15 елі Палестина мемлекетін мойындауға дайын
Еске салайық, бұған дейін Газа секторында гуманитарлық көмек күтіп отырған 67 адам Израильдің соққысынан қаза тапқанын жазған едік. “Аш-Шифа” ауруханасының директорының айтуынша, Израиль тарапынан болған соққы Израильмен шекарадағы Зиким бақылау-өткізу пункті арқылы гуманитарлық көмек жеткізілген Газа секторының солтүстігіндегі Әл-Судания ауданындағы адамдардың өмірін қиды. Жергілікті ауруханалардың мәліметінше, 150-ден астам адам жарақат алған, олардың кейбірінің жағдайы ауыр. Сондай-ақ Газа секторының басқа аймақтарында тағы алты адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
