Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Газа секторында гуманитарлық көмек күтіп отырған 67 адам Израильдің соққысынан қаза тапты

Газада көмек күтіп тұрған палестиналықтар қаза тапты

Фото: Reuters/Рамадан Абед

Газа секторында көмек күтушілер арасында кемінде 67 палестиналық қаза тауып, 150-ден астам адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sky News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

“Аш-Шифа” ауруханасының директорының айтуынша, Израиль тарапынан болған соққы Израильмен шекарадағы Зиким бақылау-өткізу пункті арқылы гуманитарлық көмек жеткізілген Газа секторының солтүстігіндегі Әл-Судания ауданындағы адамдардың өмірін қиды. 

Жергілікті ауруханалардың мәліметінше, 150-ден астам адам жарақат алған, олардың кейбірінің жағдайы ауыр. Сондай-ақ Газа секторының басқа аймақтарында тағы алты адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Израиль әскері Газа секторының солтүстігінде жиналған мыңдаған палестиндікке оқ жаудырғанын мәлімдеді. Олар бұл топтан қауіптенген. Әскерилер кей құрбандар туралы мәлімет барын айтты. Алайда Газадағы ұйымдар көрсеткен адам саны әскери тергеудің бастапқы нәтижелерінен әлдеқайда көп.

Сондай-ақ әскерилер гуманитарлық көмекті кіргізуді жеңілдетуге тырысып жатқанын айтты. Олар ХАМАС содырларын хаос туғызып, бейбіт тұрғындарға қауіп төндіріп отыр деп айыптады.

Соңғы апталарда жүздеген палестиналықтар азық-түлік пен көмекті күтіп тұрған сәтте қаза тапты. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 11:00
Талқылау