Ғашықтар мерекесінде астаналық азамат сүйіктісіне ерекше ұсыныс жасады
Астана қаласында жігіт барша қазақстандықтардың алдында сүйіктісіне романтикалық ұсыныс жасады. Диана Мұқышева мен Дастан Құрмансейітов өмірлеріндегі есте қаларлық сәттің қалай өткенін айтып берді.
Бұл туралы “Вnews.kz” хабарлайды.
Бақытты қалыңдық Диана Мұқышева раушан гүлдерін құшағына басып тұр. Бойжеткен осыдан бес жыл бұрын кездейсоқ жолыққан кезде араларында махаббат оты тұтанады деп күтпегенін айтты.
“Осы жылдың қыркүйек айында кездесіп жүргенімізге бес жыл толады. Екеуіміз кездейсоқ таныстық. Мен қыздармен бірге жалдамалы пәтер іздеп жүргенмін. Үшеуіміз ол кезде студент болатынбыз. Ал жігітім риелтор еді. Осылайша таныстық. Қарым-қатынасымыз осыншама уақыт жалғасып, осы күнге жетеміз деп ойлаған емеспін”, – деп Диана қуанышын жасыра алмай тұрғанын жеткізді.
Дастан Құрмансейітов сүйіктісіне ұсынысты “Хан Шатыр” сауда орталығының сахнасында тұрып жасады. Мерекелік шара басталмас бұрын қонақтарға арнайы билеттер таратылады. Алдын ала ойластырылғандай 222 нөмірлі ұтыс билеті Диананың қолында болған.
Диана өзін жүргізуші сахнаға шақырмайынша барлығы алдын ала ойластырылғанын тіпті сезбеген екен.
Жіберіп алмаңыз:
Астанадағы океанариумде жігіт сүйіктісіне ерекше ұсыныс жасады
Жанкүйер жігіт сүйіктісіне Қазақстан Суперкубогы матчы кезінде ұсыныс жасады
“Оқуыммен басым қатып жүргендіктен, ешнәрсені де сезбедім. Қатты шаршағандықтан аптаның соңына қарай үйде жатып демаламын деп ойладым. Бұл туралы құрбыларым барлығын білген болып шықты. Олар “Диана, нағыз концерт көріп демалатын орын. Бүгін ғашықтар күні ғой” деді. Мен келістім. Өзімді сахнаға шақырған кезде де ешнәрсе сезбедім. Басында смартфондар ойнатып жатты. Кейін 222 нөмірін атап, мені сахнаға шақырды. Ешнәрседен күмәнданған жоқпын. Оның дәл осы уақытта жұмыста екенін де білетінмін. Ол кейінірек келетінін айтқан еді”, – дейді Диана. Ал күйеу жігіт барлығын алдын ала ойластырғанын айтады.
Ұсыныстың жасалғанына аз уақыт өтсе де, ғашықтар қыз жолдас пен ұл жолдастың кім болатынын таңдап қойған.