Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гарант 24": Қазақстанда ұсталғандар мен үлкен шығын көлемі жайлы

ШҚО-да "Гарант 24 Ломбард" салымшылары 52,5 миллион теңге көлемінде шығынға батты. Қарағанды, Тараз қалаларындағы "Гарант 24" ломбард басшылары қамауға алынса, Қызылордада 70-тен астам азамат полицияға арыз түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысында "Гарант 24 ломбард"-тың 28 салымшысы полицияға алаяқтық туралы арыз жазды. Оның ішінде Өскемен қаласындағы филиал қызметіне қатысты-7, Семей қаласынан – 21 өтініш келіп түскен. Келтірілген шығын сомасы 52,5 миллион теңгеден асады. Полиция қызметкерлері аймақтық директорды анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады.  Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық).

Күні кеше, 21 ақпанда Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс полиция бөліміне 36 азамат өтініш білдірді. Өз арыздарында азаматтар "Гарант 24 ломбард" ЖШС бас директорын қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (аса ірі мөлшердегі алаяқтық). Қазіргі уақытта тергеу органдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде осы кәсіпорынның 38-жастағы өңірлік директоры күдіктіні анықтап, ұстады. 

Қазіргі таңда "Гарант 24 Ломбар" ЖШС Тараз филиалының директоры қолға түсті. Жәбірленушілердің жалпы саны мен келтірілген залал сомасы анықталады.

Қызылорда материалды шығынды өтеуін талап етіп 70-тен астам азамат полицияға арыз түсірді. Қызылорда облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық істі тергеуде. Бүгінгі күні осы қылмыстық іс бойынша тергеу-жедел тобы құрылып, іс әрбір арыз бойынша жеке іріктелетін болады.

"Гарант 24 ломбард" ЖШС-нің құрбаны болған азаматтардан полиция жақын жердегі құқық қорғау орындарына хабарласуды сұрайды.

Талқылау