Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қатерлі ісікке әкеп соқтыруы мүмкін: Ғалымдар жалған шаш ұзартуға қатысты шұғыл ескерту жасады

Жалған шаш құрамынан ондаған канцерогенді зат табылдыФото: Shutterstock

Элль Макферсон, Иванка Трамп және Тейлор Свифт секілді танымал тұлғалар жиі қолданатын жалған шаштар шашты қалың әрі сәнді етіп көрсетеді. Алайда “Silent Spring” институтының сарапшылары бұл өнімдердің құрамынан, соның ішінде адам шашынан жасалған түрлерінен де, бірнеше “химиялық заттарды” анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зерттеу барысында ғалымдар интернетте сатылатын 43 танымал өнімді түрлі химиялық заттардың бар-жоғына тексерді. Талдау нәтижесінде отқа төзімді қоспалар, фталаттар, пестицидтер, стирол, тетрахлорэтан және қалайыорганикалық қосылыстар сияқты ондаған химиялық заттар табылды. Ал бұл заттар қатерлі ісікке, гормондық бұзылыстарға, даму проблемаларына және иммундық жүйеге кері әсері етеді.

Зерттеудің жетекші авторы доктор Элиссия Франклиннің айтуынша, компаниялар химиялық заттар туралы ақпаратты жария етпейді. Ал тұтынушылар жалған шаштардың қаупін білмей, оларды ұзақ уақыт бойы тағып жүре береді. 

“Шаш талшықтары бас терісі мен мойынға тікелей жанасады. Қыздыру және сәндеу кезінде олар ауаға химиялық заттар бөліп, оны қолданушылар тыныс арқылы жұтуы мүмкін”, – деді ол.

Қыстырмалы, таспалы, өрілетін немесе микробекітпелі болсын, шаш ұзарту Ұлыбритания мен АҚШ-та аса танымал. Соған қарамастан, олардың денсаулыққа ықтимал қауіптері жеткілікті зерттелмеген.

“Бұған дейінгі есептерде кейбір қауіпті химиялық заттар анықталғанымен, біз әлі де олардың толық химиялық құрамы туралы көп нәрсені білмейміз. Біз мәселенің ауқымын толық түсінгіміз келеді”, – деді доктор Франклин.

Олар мәселенің ауқымын түсіну үшін интернеттен және жергілікті сұлулық дүкендерінен 43 танымал шаш ұзарту өнімін сатып алған. Олардың қатарында негізінен пластикалық полимерлерден жасалған синтетикалық бұйымдар және адам шашы, банан талшығы немесе жібек негізіндегі табиғи өнімдер бар.

Жалған шаш құрамынан ондаған канцерогенді зат табылдыФото: Shutterstock

Ғалымдар “мақсатсыз талдау” деп аталатын әдісті қолданып, үлгілерді химиялық заттардың кең спектріне тексерген. Нәтижесінде екі үлгіден басқасының бәрінде қауіпті химиялық заттар анықталған.

Олардың ішінде отқа төзімді қоспалар, фталаттар, пестицидтер, стирол, тетрахлорэтан, қалайыорганикалық қосылыстар бар.

Отқа төзімді қоспалар материалды отқа төзімді ету үшін қосылады, бірақ олар қатерлі ісікке, нейроуыттылыққа және гормондық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Фталаттар пластикті икемді ету үшін қолданылады, алайда олар да гормондық бұзылыстарға әсер етуі ықтимал

Пестицидтер зиянкестерден қорғау үшін, ал стирол пластик өндірісінде пайдаланылады.

Тетрахлорэтан – бауырға зақым келтіруі және орталық жүйке жүйесін тежей алатын өте улы өндірістік еріткіш.

“Бізді әсіресе қалайыорганикалық қосылыстардың табылуы таңғалдырды. Олар әдетте ПВХ-да жылуға тұрақтандырғыш ретінде қолданылады және көбінесе, теріні тітіркендіреді. Ал бұл шаш ұзартатын өнімдерді қолданушылар арасында жиі кездесетін мәселе", — деді доктор Франклин.

Ғалымдар зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, шаш ұзарту өнімдеріне қатысты реттеуді күшейтуге шақырды.

“Бұл қорытындылар тұтынушыларды қорғау және компанияларды қауіпсіз өнім өндіруге инвестиция салуға ынталандыру үшін қатаң бақылау шұғыл қажет екенін анық көрсетеді”, – деді доктор Франклин.

Бұл жаңалық Target және Walmart дүкендерінде сатылатын шаш күтімі құралдарының құрамында да канцерогендік ингредиент бар екені анықталғаннан кейін жарияланды.

Қоршаған ортаны қорғау орталығы (CEH) ірі бөлшек сауда желілеріне кокамид диэтаноламин (кокамид DEA) бар сусабындар, дене сабындары және басқа гигиеналық құралдарды сату арқылы ережелерді бұзып отырғаны туралы хабарлама жіберген.

Кокамид DEA кокос майынан алынады және көбік күшейткіш, қоюландырғыш әрі тұрақтандырғыш ретінде сусабындарда, сабындарда және лосьондарда кеңінен қолданылады. Зертханалық зерттеулер бұл заттың бауыр мен бүйрек қатерлі ісігіне шалдықтыратын заттардың қатарында екенін көрсетті. Калифорния штаты оны өнім қаптамасында арнайы ескерту жазуын талап ететін канцерогендер тізіміне енгізген.

“Кокамид DEA қатерлі ісік тудыруы мүмкін екені анықталған. Оның шашқа немесе теріге арналған жеке күтім құралдарының ешқайсысында болмауға тиіс”, – деді CEH зерттеу бөлімінің жетекшісі Кейтлин Мохер Daily Mail басылымына.

Кейтлин Мохердың сөзінше, бұл зат өнімдердің құрамында әдейі қосылған, себебі ингредиенттер тізімінде көрсетілген.

“Бүгінгі сот талабы Amazon мен Walmart-ты құрамында бұл канцерогендік химиялық зат бар сусабындар мен гигиеналық құралдарды сатуды тоқтатуға итермелейді деп үміттенеміз”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ДДҰ әлемде қатерлі ісіктің төрттен бірінің алдын алуға болатыны хабарланған.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 19:03