Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Али Алиев болғаны туралы ақпарат тарады
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне отандасымыз Али Алиев сайланғаны жайлы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі KazFootball.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: QFL.kz
44 жастағы қазақстандық маман жақында ғана “Қызылжар” футбол клубының бас бапкерлік қызметінен кеткен еді. Алиевтің басшылығымен петропавлдық команда былтырғы маусымда Қазақстан премьер лигасын тоғызыншы орынмен аяқтады. Ал 2022/2023 жылғы футбол маусымында “Қызылжарды” ішкі біріншілікте бесінші орынға шығарды. Сол жылы клуб тұңғыш рет Конференция лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетуге жолдама алды. Еурокубоктық жарыста алғашқы кезеңде хорватиялық “Осиек” футбол клубын екі ойын нәтижесі бойынша жеңіп, келесі кезеңге өткен еді. Алайда екінші раунда кипрлік “АПОЭЛ” клубынан жеңіліс тапты.
Сондай-ақ Али Алиев петропавлдық командаға дейін астаналық “Жеңіс”, қарағандылық “Шахтер” клубтарының сапында жұмыс атқарған. Және “Астана” футбол клубының жастар құрамасында аға бапкер болған еді.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы уақытта 2026 жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу ойындарын өткізеді. Біздің құрама Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтейнштейн командаларымен бір топқа түсті.
Бүған дейін, Станислав Черчесовтің футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерлік қызметінен кеткені жайлы айтқан едік.