Футболдан Қазақстан құрамасы екі жолдастық кездесу өткізеді
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында екі бақылау матчын өткізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kff.kz
Қазақстан құрамасының бас бапкерлік міндетін атқарушы Әли Әлиев қазір Белекте оқу-жаттығу жиынын жасауда. Бұл жолы командаға үміткер ойыншыларға басымдық берілді. Нәтижесінде 22 футболшы 10-18 ақпан арасында қаралымнан өтуде
Алғашқы кездесу бүгін, 14 ақпан күні Өзбекстанның "Локомотив" (Ташкент) клубына қарсы өтеді. Бапкерлік штабтың шешімімен бұл ойын жабық режимде ұйымдастырылады. Ойынның басталуы – 20:00-де (Қазақстан уақытымен).
Екінші бақылау ойынында Қазақстан құрамасы 17 ақпан күні Корей Халық-Демократиялық Республикасы (КХДР) құрамасымен кездеседі. Бұл матч Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады. Әзірге ойынның тікелей эфирі жайлы толық ақпарат берілген жоқ.
КХДР құрамасы – 1966 және 2010 жылғы әлем чемпионаттарына қатысқан. Сондай-ақ, команда 2010 және 2012 жылдары АФК Шақыру кубогында жеңіске жеткен. Қазір ФИФА рейтингінде бұл ел 115-орында келеді.