Футболдан Қазақстан чемпионатынан букмекерлік компаниялардың атауы алып тасталды
Футболдан Қазақстан чемпионатынан букмекерлік компаниялардың атауы алынып тасталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazsport арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: kff.kz
Алдағы футбол маусымы қарсаңында Қазақстан премьер лигасына ребрендинг жасалды. Федерация жоғары дивизион логотипін жаңартты. Сондай-ақ, лигадан букмекерлік компаниялардың атауын алып тастады. Бұл туралы “Qazsport алаңы” ток-шоуында ҚФФ президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман айтты.
“Жаңа келген президент Марат Омаровтың ұстанымы да сол. Енді Қазақстан чемпионатында букмекерлік компания атауы болмайды. Бұл біздің мемлекет басшысының ұстанымына да қайшы. Оның үстіне федерацияға келген жаңа команда тек букмекерлік кеңселерден ғана емес, басқа жеке компаниялардан да қаражаттар тартуда. Және федерацияға 30 миллиард теңге бөлінді. Федерация букмекерлік компаниялар ақшасына мұқтаж емес. Сондықтан чемпионат Қазақстан премьер лигасы деп аталады”, – деді Нұрсұлтан Құрман өз сөзінде.