Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аяқталды
Футболдан клубтар арасындағы Еуропаның ең беделді жарысы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезең ойындары аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: UEFA
Сәрсенбінің түнінде Еуропаның 36 командасы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өту үшін соңғы турда барын салды. Осылайша, қаңтардың 29-ынан 30-ына қараған түні сағат 01:00-де 18 ойын қатар басталды. Бұл – турнирдің биыл қабылданған жаңа ережелерінің бірі еді.
Бекітілген ереже бойынша биылдан бастап турнирлік кестеде алғашқы орын алған 8 команда 1/8 финалға тікелей жолдама алады. Топтық кезең нәтижесі бойынша көш басында англиялық “Ливерпуль” клубы. Мәселені 7-турда шешіп тастаған ливерпульдіктер үшін ПСВ-ға қарсы ойын қатты маңызды болмады. Сол үшін бас бапкер Арне Слот кешегі матчқа алаңға екінші құрамды шығарды. Бұл өз кезегінде голландиялықтар үшін плей-оффқа шығуға жақсы мүмкіндік еді. Эйндховен футболшылары өз алаңында барын салды. Нәтижесінде 3:2 есебімен жеңіске жетіп, турнирлік кестеде 14-орынға ие болды. Бұл жеңіліске қарамастан “Ливерпуль” көш басындағы бірінші орнын сақтап қалды.
Оған “Барселонаның” соңғы турда италиялық “Аталантаға” қарсы тең ойнауы себеп болды. Каталониялықтар таблода екі рет алғаш болып есеп ашса да, Эдерсон мен Пашаличтің арқасында қонақтар есепті теңестіріп кетті. Есеп 2:2. Осылайша азулграностықтар турнирлік кестеде 2-орынға орналасса, бергамолық “Аталанта” тікелей жолдама алуға сәл жетпей жарысты 9-орында аяқтады.
Үздік үштікте лондондық “Арсенал” футбол клубы. Испанияға қонаққа барған канонирліктер “Жиронаны” 1:2 есебімен жеңді. Ал өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасында ойнаған жироналықтар жарысты 33-орында аяқтады.
Кестенің төртінші сатысына италиялық “Интер” жайғасты. Топтық кезеңдегі соңғы ойынында миландықтар өз алаңында Францияның “Монакосын” еш қиындықсыз ұтты. Қорытынды есеп 3:0. 8 ойында 4 рет жеңіліп, 3 рет жеңіске жетіп, 1 ойында тең ойнаған “Монако” іріктеуге қатысады. Клуб топтық кезеңде 17-орында.
Плей-оффқа тікелей жолдама алған командалар арасында Мадридтік “Атлетико”, леверкузендік “Байер”, француздық “Лиль” және бирмингемдік “Астон Вилла” бар. Бұл командалардың барлығы кешегі ойындарында қарсыластарынан басым түсті. “Атлетико” қонақта “Зальцбургті” 4:1 ұтса, “Байер” прагалық “Спартаны” 2:0 жеңді, “Астон Вилла” тартысты өткен кездесуде “Селтиктен” айласын асырды, есеп 4:2. Ал “Лиль” голландиялық “Фейеноордтың” тас-талқанын шығарды. Қорытынды есеп 6:1. Бұл 8-турдағы ең ірі есеп болды.
Былтыр Чемпиондар лигасының финалисті “Боруссия Дортмунд” 10-орынға орналасса, араларды финалда ұтып турнирде 15-рет жеңімпаз атанған “Реал Мадрид” 11-сатыға табан тіреді. Дортмундтық команда украиналық “Шахтерді” 3:1 есебімен жеңсе, мадридтіктер “Брестті” қонақта 3:0 ұтты. Сөйтіп, былтырғы маусымдағы қос финалист команда плей-офф іріктеуінде ойнайды.
Дәл осы турнирді 6 рет жеңген мюнхендік “Баварияда” 1/8 финалға тікелей жолдама ала алмады. Биыл ерокубоктық бәсекеде ала-құла ойнаған Венсан Компанидің командасы топтық кезеңді 12-орында аяқтады. Соңғы турда немістер “Слован Братиславаны” 3:1 ұтты.
Іріктеуде плей-оффтың 8 жолдамасына таласатын мықтылар мұнымен біткен жоқ. Жыл сайын жоқ дегенде жартылай финалға дейін баратын “Манчестер Сити” мен француздық “ПСЖ”, италияндық “Ювентус” пен “Милан”, португалдық “Спортинг” пен “Бенфика” бар. Оған қоса “Монако” мен “Брест”, “Селтик” пен “Брюгге” де 1/8 финалдық жолдамаға таласып көреді.
Осылайша, футбол жанкүйерлері асыға күтіп қарайтын Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аяқталды. Енді командалар плей-офф кезеңіндегі қарсыластарын жұма күні біледі. Жеребе тарту рәсімі 31 қаңтарда Швейцарияның Ньон қаласында өтеді.