Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

FlyArystan рейс уақытын өзгерткені үшін жолаушы 188 мың теңге айыппұл арқалаған

Фото: Жазбадан скрин

Атыраудан Алматыға 6 адамға билет алған қазақстандыққа FlyArystan әуе компаниясы рейстің уақытын өзгерткені үшін 188 мың теңге айыппұл салынған. Stan.kz  Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінен лоукостер өзгерткен уақыт үшін не себепті жолаушының айыппұл төлейтінін сұрау үшін сұрау жіберді. 

Қазақстандық Атыраудан Алматыға ұшпақ болып 6 адамға FlyArystan әуе компаниясынан билет алған. Алайда компания 13.10.2025 күнгі рейстің уақытын өндірістік қажеттілікке байланысты 4 сағатқа, яғни, 12:40-тен 19:15-ке ауыстырған. Бұл уақыт жолаушыға қолайсыз болғандықтан ол рейсті бір күнге ауыстырып, билетті қайта брондауға мәжбүр болған.

Осылайша, әуе компаниясы рейстің уақытын ауыстырғаны үшін жолаушыға 6 адам үшін 188 мың теңге айыппұл салған. Қазақстандық қайта брондағаны үшін тариф айырмасын төлеуге дайын. Алайда айыппұлмен келіспейді.

“Менде 6 адамға билет бар еді, ал FlyArystan ұшу уақытын 4 сағатқа өзгертіп жіберді. Бұл маған мүлде ыңғайсыз. Мен екі ай бұрын жазылып қойған дәрігерге бара жатырмын.
Қазір дәрігермен сөйлесіп, ұшу күнін келесі күнге ауыстырғым келеді. Олар рейстің уақытын өздері өзгерткендіктен мен қайта брондауға мәжбүр болдым. Оның құны — 188 000 теңге! Бірақ кінә менен емес, ұшу уақытын өзгерткен – компания”, – деп жанайқайын жеткізді желі қолданушысы.

Азаматтық авиация комитеті редакцияның ресми сауалына жауап берді. Комитетінің мәліметінше, “Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңының 76-бабының 2-тармағына сәйкес, әрбір жолаушыға жеке билет ресімделеді. Ол:
1) Жолаушыны әуе тасымалы шартының талаптарымен танысқанын;
2) Жолаушы мен авиакомпания арасында әуе тасымалы шартының жасалғанын растайды.

Сәйкесінше, билетті рәсімдеу кезінде жолаушы тасымалдау шарты мен тарифті қолдану талаптарымен танысқандығын растайды.
Сондықтан жолаушы өз еркімен ұшудан бас тартқан кезде немесе билетті қайта брондағанда, тарифті қолдану талаптарына сәйкес шарттар қолданылады. Егер тасымалдаушының кiнәсінен рейс мәртебесі өзгерген немесе бес сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлген жағдайда, жолаушының қалауы бойынша тасымалдаушы:

  • Жолаушыны билетте көрсетiлген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етеді;
  • Жолаушыға билеттiң толық құнын қайтарады.

“Алайда бұл тек рейс тасымалдаушының кiнәсінен және бес сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлген жағдайда жүзеге асарылады.
Сонымен қатар тасымалдаушы жолаушыны межелі пунктке жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін, егер мерзімін өткізіп алу еңсерілмейтін күш салдарынан орын алғанын дәлелдей алмаса, жолаушы шеккен залалдарды өтеуден басқа, егер бұл осындай мерзімін өткізіп алуға байланысты орын алған болса, мерзімін өткізіп алған әрбір сағат үшін тариф құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді. Айыппұл сомасын сатып алынған тариф құнынан асыруға болмайды. Тасымалдаушы жолаушыны межелі пунктке жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін айыппұл төлеуді жолаушының өтініші бойынша тасымалдаушының интернет-ресурсы және билеттер сату пункттері арқылы жүргізеді”, – деп мәлімдеді комитеті. 

“Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңының 86-бабына сәйкес, тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейстің мәртебесі өзгерген кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттерінен рейстің кешігу уақытының ұзақтығына байланысты мынадай қызметтер атқаруы тиіс:

  1. Салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету – рейстің кешігуі 2 сағаттан артық болса;
  2. Ыстық тамақпен қамтамасыз ету – рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде – күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын, түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын;
  3. Қонақ үйге орналастыру – рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде;
  4. Тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу және т.б.

Сонымен қатар, тасымалдаушының кінәсінен рейстің мәртебесі бес сағаттан астам мерзімге өзгертілген кезде, жолаушының қалауы бойынша:

  • Тасымалдаушы тиіс қызметтерді көрсете отырып жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуді;
  • Жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.

Рейс тасымалдаушының кінәсінен кешіккен кезде, жолаушы жоғарыда көрсетілген қызметтерді алуға құқылы.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 06 Қазан, 2025 17:43
Талқылау