Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

FlyArystan оралдық қызды ұшаққа жібермей қойды: Балаларды тасымалдау ережесі өзгереді

Заңгер Данилхан Шағатаев 12 тамызда көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінен FlyArystan компаниясының әрекетіне қатысты шағымға қатысты жауап алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: FlyArystan

Заңгердің дерегіне сенсек, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жан-жақты тергеу жұмыстарын бастап кетті.

"Комитет биыл 21 шілдеде Астана – Орал бағыты бойынша KC7367 рейсіне баланы жібермегені үшін FlyArystan әуе компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тарту ниеті туралы хабарлады. Осыған байланысты комитет пен "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ жан-жақты тексеру жүргізеді", – деді заңгер.

Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін балаларды тасымалдауды кепілдендірілген қамтамасыз ету бөлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізу мәселесі қаралатын болады дейді заңгер. Атап айтқанда, әуекомпания еріп жүретін және еріп жүрмейтін балаға әуе кемесінің бортында өз орнын алуға кепілдік беруге тиіс.

"Қазір біз өз іс-әрекетіміздің алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, бұл әуежайда баланың қалып қойған алғашқы оқиғасы емес. Егер ол кезде әуе компаниясы кешірім сұраумен шектелсе, бұл жолы балалармен мұндай жағдайларды болашақта жоюды көздеп отырмыз. Комитет тиісті түзетулер жобасын әзірлейді және олар жақын арада қабылданады деп сенеміз", – деп жазды Данилхан Шағатаев.


Еске салайық, бұған дейін FlyArystan әуекомпаниясы 12 жасар қызды рейске мінгізбей, жалғыз өзін өзге қалада қалдырып кеткен еді. Оқиғадан кейін қыздың анасы әуекомпанияның қызметіне наразылық білдірген. Сөзінше, 20 шілдеде Зере және Зәуре атты егіз қызы Америкадан елге қайтқан. Олар сенімді өкілмен, бір топ баламен саяхаттаған. Қайтарда Астана арқылы транзитпен Оралға ұшуы керек болған, бірақ Зерені компания бортқа кіргізбей, тастап кеткен.

Талқылау