Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арзан билеттермен алдап, шет елде тастап кеткен": FlyArystan жолаушылары Үндістанда қалып қойды

FlyArystan әуекомпаниясы арқылы Үндістанға билет алған қазақстандықтар енді елге қайта алмай отыр. Олар қайтардың билеті техникалық себептерге байланысты жойылып кеткеніне наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстан тұрғындары Үндістанға демалысқа барамыз деп енді елге қайта алмай қалуы мүмкін. Себебі FlyArystan қайтардың билеті жойылғанын айтады. Әуекомпания оларға арғыкүні немесе екі айдан кейін мамырда ғана қайта алатынын мәлімдеген. 

Туристер жатын орны, билет, барлығының ақысын төлеп, саяхатты ұйымдастырып қойғандықтан, бірден қайтып кеткісі де келмейді. Алайда мамырға дейін шетелде қалуға дайын емес.

"Олар арзан билеттермен алдап, шет елде тастап кетті! Олардың әрекеті – миға сыймайтын нәрсе. Біз барлығы үшін төлем жасап қойдық. Енді бөлек қайтайық десек, билет құны 6 есе көп болайын деп тұр”, – деді турист Татьяна Келлер. 



Үндістанда қалып қойған қазақстандықтар көп көрінеді. Барарда ұшақтағы жолаушылардың 30%-ы Қазақстаннан болыпты. Мәселе шешілмесе, олар сотқа жүгінуге ниетті. 

Компания шығындарды өтеуге қарсы емес екенін мәлімдеді.

“Жолаушылар әуебилеттерді сатып алғанын растайтын құжаттар мен түбіртекті сақтап қоюы керек. Қолайсыздық туғызғанымыз үшін кешірім сұраймыз”, – деп мәлімдеді FlyArystan баспасөз қызметі.

Талқылау