"FlyArystan-дағы бейберекетсіздік": Депутат ұшақ кабинасына "бөтен" адамдар кіргенін көріп, дабыл қақты

Фото: Мұрат Абеновтің желідегі парақшасынан/FlyArystan
Мәжіліс депутаты Мұрат Абенов FlyArystan әуе компаниясының Астана – Алматы бағытындағы рейсінде отырып, ұшқыштар кабинасына азаматтық киім киген “бөтен” әйелдердің кіріп бара жатқанын байқаған. Депутат Азаматтық авиация комитетінінен шара қолдануды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат арнайы киімсіз ұшақ кабинасына бөгде адамдардың кіріп-шығып жүруін тәртіпсіздік деп бағалап, мұны ереже бұзу деді.
“FlyArystan-дағы бейберекетсіздік. Астана – Алматы бағытындағы 7056 рейсі, ұшар алдында пилоттардың кабинасына екі бөгде адам (азаматтық киімдегі әйелдер) кірді. Ұшу қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, пилоттар кабинасы "стерильді аймақ" болып саналады — ол жерге бортсеріктердің өзі тек әуе кемесінің командирінің рұқсатымен ғана кіре алады, ал бөгде адамдарға кіруге қатаң тыйым салынған”, – деп жазды Мұрат Әбенов.
Депутат мұның жолаушылар үшін қаупті екенін ескертіп, тиісті шара қолданылып, жауапқа тартуды талап етті.
“Бөгде адамның болуы ұшқыштардың назарын бөліп, апатқа әкелуі мүмкін. Мен ұшақта отырып, Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиеваға қоңырау шалдым. Тексеру жүргізіп, ең қатаң шара қолдану қажет”, – делінген жазбада.
Алайда депутаттың шыр-пыр болуына еш себеп болмай шықты. Әуе компаниясы азаматтық киімдегі адамдардың қызметкер екені мәлімдеді.
“2025 жылы 12 желтоқсандағы FS 7056 рейсінде экипаж кабинасында әуе компаниясының екі қызметкері болған. Олардың ұшақ кабинасына кіруі әуе кемесінің командирімен келісілі, белгіленген тәртіппен жүзеге асырылды. Қызметкерлер барлық қажетті тренингтерден өткен, сондай-ақ әуе компаниясының жарамды рұқсат құжаттары мен қызметтік куәліктері бар, олар көзге көрінетін жерде орналастырылған, бұл олардың мәртебесін, өкілеттігін және әуе кемесінде болуға құқығын растайды”, – деп жауап берді FlyArystan.
Әуе компаниясының мәліметінше, экипаж кабинасына қызметкерлердің орналасуы қолданыстағы процедураларға сәйкес жүргізілген және авиациялық қауіпсіздік талаптарын, әуе компаниясының ішкі ережелерін және персоналдың қол жеткізу стандарттарын бұзбаған.
Желі қолданушылары депутаттың халық үшін алаңдаушылық танытқаны үшін алғыс білдірсе, енді бірі депутатты “істің байыбына бармадың” деп айыптады.
“Сөзім жоқ! Бассыздықтың да шегі болу керек”, “Рахмет сізге, халық айтаалмай жүрген қаншама былықтарды ашып жатырсыздар”, “Мұрат аға, аман жүріңіз”, “Құрметті Мұрат Әбенов! Кез келген тақырыпқа кең аудиторияға жазбас бұрын, ең болмағанда, сол мәселені жақсы түсіну қажет. Осы тақырыпта жазған екенсіз, кабинаға тек рұқсат етілген қызметкерлердің ғана кіре алатынын білуіңіз керек еді”, “Қызық екенсіз, біріншіден, бұл рейс кезінде емес, ұшар алдында болды. Ешкім ешқашан жайдан-жай кабинаға кірмейді, екеуі кірсе, демек қандай да бір қажеттілік болған”, – деп жазды желідегілер.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?